КІТАПХАНА-БІЛІМПАЗДАР МЕКЕНІ

0

Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының құнды сырларын сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің нағыз киелі ордасы.

 

Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана.

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында іс-шаралар, кездесулер, әртүрлі сала қызметкерлерінің отырыстары, жиналыстары өтеді, оқырмандардың шығармашылық жұмыстармен шұғылдануына, eGov.kz порталы арқылы әртүрлі  бағыттағы анықтамалар беру бойынша  24 қызмет түрі көрсетіледі. Кітапхана оқырманның талап-тілектерін қанағаттандырып, оқумен тәрбиелеп, қажет болған жағдайда тиімді шешімдерді қабылдауды үйретеді.

Кез келген кітапхананың мақтанышы – оқырмандар. Біздің талантты, ынталы, белсенді өмірлік ұстанымы бар оқырмандарымыз көп. Зейнеткер Ж.Жукенова,  В.Колесникова,  Т. Жолдасбеков, Б.Ибраимжанов, В.Смолина, Д.Сагадилов, А.Острицкая, Г.Еременко, О.Молдашев, Н.Кулсариев, Т.Аукенова  кітапхананың тұрақты оқырмандары – Орхон жазулары, тарихи кітаптар, газет-журналдар, орыстың классикалық әдебиеттерін, детектив романдарын алады.  Жұлдыз Сағади – балабақша тәрбиешісі – шытырман оқиғалар мен шет ел әдебиеттерін алады, Ноғайбай ауыл шаруашылық колледжінің мұғалімі Е.Абсабиров — балалар тәрбиесі, педагогика, қазақ әдебиетінің майталман жазушыларының шығармаларын оқыса, жас маман-мұғалім  Ж.Жақсылықова қазақ әдебиеттанушылардың кітабын, Ә.Кекілбаев, І.Есенберлиннің т.б шығармаларын алып оқиды. Аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде:  «Жаңа кітаптар әлемінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл жазушы Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу жарияланды. Соған орай кітапхана фойесінде тұрақты кітап көрме оқырмандарға ашық. Кітапханамыздың  тұрақты оқырмандарына кітапханаға жаңадан түскен шығармаларды алып  оқуларына мүмкіндік бар.

Құрметті оқырман қауым! Келіңіздер! Көріңіздер! Оқыңыздар!

У.Жанұзақова,

Қордай аудандық орталықтандырылған

кітапханалар жүйесінің библиографы

Leave A Reply

Your email address will not be published.