Ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Құрылтай депутаттарын сайлау Қордай ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, заңнама талаптары толық сақтала отырып өтті. Аудан аумағындағы 59 сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-ден бастап өз жұмысын бастап, тұрғындарға дауыс беру үшін барлық қажетті жағдай жасалды.
Сайлау күні ауданның елді мекендеріндегі учаскелерде тұрғындардың белсенділігі байқалды. Таң сәріден сайлау учаскелеріне келген азаматтар өз таңдауларын жасап, елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуға деген азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Аудандық Мәдениет үйінде орналасқан №239 сайлау учаскесінде де дауыс беру үдерісі белгіленген тәртіппен жүргізілді. Алғашқы сайлаушылардың қатарында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков те болып, өз таңдауын жасады.
Аудан әкімі сайлаудың ел болашағы үшін маңызына тоқталып, тұрғындарды азаматтық белсенділік танытуға шақырды.
«Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқан. Бұл – азаматтардың елдің болашағына қатысты өз ұстанымын білдіріп, маңызды шешімдер қабылдауға атсалысуына мүмкіндік беретін жауапты кезең. Сондықтан әрбір азаматтың сайлауға белсенді қатысуы аса маңызды», – деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Сонымен қатар аталмыш учкскеде аудан прокуоры, аудандық полиция бастығы, аудандық ҰҚК басшысы, шекара қызметі басшылығы, аудан әкімінің орынбасарлары дауыс бері.
Сайлау учаскелеріндегі жұмыс барысында дауыс берушілерге қажетті жағдайлар жасалып, сайлау процесі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылды.
АЛҒАШҚЫ ДАУЫС – АЛҒАШҚЫ ТАҢДАУ
Құрылтай сайлауы барысында жастардың азаматтық белсенділігі де айқын көрінді. «Мен алғаш рет дауыс беремін» акциясы аясында Қордай ауылының тұрғыны Ақмарал Манасбаева алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Жамбыл ауылындағы №246 сайлау учаскесінде де 18 жасқа толған Берік Абай мен Олеся Трибунская алғаш рет дауыс берді.
Жас сайлаушылар үшін бұл – азаматтық құқықтарын алғаш рет жүзеге асырып, елдің қоғамдық-саяси өміріне араласудың маңызды қадамы. Алғашқы дауыс – әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінудің бастауына айналатын есте қаларлық сәт.
Бетқайнар ауылында да жастардың белсенділігі ерекше байқалды. Мұнда үш егіз жұптың сайлауға қатысуы ауыл тұрғындарының назарын аударды. Солардың қатарында 18 жастағы Серік пен Гүлжан Бопиевалар да бар. Егіздер өз таңдауларын жасап, жастардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетті.
ӘР БУЫННЫҢ ТАҢДАУЫ –
ЕЛ БОЛАШАҒЫНА ҮЛЕС
Қордайдағы сайлау науқанына тек жастар ғана емес, аға буын өкілдері де белсенді қатысты.
Бетқайнар ауылының тұрғыны, 103 жастағы Зейтана Құттықова әжей өз үйінде дауыс берді. Жасына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтын қарияның өтініші бойынша сайлау комиссиясының мүшелері жылжымалы дауыс беру жәшігін үйіне жеткізді.
Масанчи ауылының 101 жастағы тұрғыны Хехез Вансан әже де сайлаудан тыс қалмай, өз таңдауын жасады. Оның үйіне де дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшік жеткізілді.
Ғасырдан астам ғұмыр кешкен қос қарияның сайлауға қатысуы – аға буынның ел болашағына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Бұл – кейінгі ұрпаққа азаматтық белсенділіктің, ел тағдырына бейжай қарамаудың тағылымды үлгісі.
Сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да тиісті жағдай жасалды. Қордай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері «Инватакси» қызметі арқылы өздігінен сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға қажетті көмек көрсетті. Ал денсаулық жағдайына байланысты үйден шыға алмайтын тұрғындарға сайлау комиссиясының мүшелері жылжымалы жәшік жеткізіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша дауыс беруіне мүмкіндік жасады.
Жалпы осы ауданымыздың ардагерлер қауымы өте жоғары белсенділік танытқанын айта кеткен жөн.
ОТБАСЫМЕН БІРГЕ
Сайлау күні отбасылық құндылықтар мен азаматтық жауапкершіліктің тоғысын көрсеткен мысалдар да аз болмады.
Степное ауылының тұрғындары, 40 жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен Кожабергеновтер отбасы сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Өнегелі әулет үшін ел болашағына қатысты маңызды шешімге ортақ үн қосу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Ноғайбай ауылындағы Абдрасиловтар отбасы үшін де бұл күннің мәні ерекше болды. Ерлі-зайыптылардың отау құрғанына биыл 23 жыл толып отыр. Отбасылық мерейтойлары Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс келгендіктен, бұл күн олар үшін қос мерекенің қатар келген ерекше сәтіне айналды.
Шаңырақ көтерген жас жұбайлар да сайлаудан қалыс қалмады. Масанчи ауылында үйлену тойына дайындалып жатқан жас жұбайлар сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады. Қалыңдық үшін бұл күннің тағы бір ерекшелігі – алғаш рет дауыс беруі.
Ал Бетқайнар ауылында Нұржігіт пен Аягөз есімді жас жұбайлар 23 тамыз күні некелерін рәсімдеп, кейін №514 сайлау учаскесіне барып, азаматтық міндеттерін орындады. Өмірлеріндегі маңызды екі оқиғаның бір күнде тоғысуы жас отбасы үшін есте қаларлық сәтке айналды.
Қордай ауданындағы сайлау учаскелерінде әскери қызметшілердің де азаматтық белсенділігі байқалды.
Гвардейский қалашығында орналасқан әскери бөлімдердің әскери қызметшілері мен сарбаздары сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Олардың арасында мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар да болды.
Мемлекеттік шекараны күзетіп жүрген әскери қызметшілер де ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмады. Қарасу ауылдық округіндегі №511 сайлау учаскесіне «Қарасу» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері келіп, өз дауыстарын берді.
Бұл – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтардың да қоғамдық өмірдегі маңызды үдерістерге белсенді қатысатынын көрсетеді.
ҚОҒАМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК
Отар ауылындағы №516 сайлау учаскесінде де таң азаннан дауыс беру басталды. Ауыл тұрғындарымен бірге теміржол саласының қызметкерлері де ұжым болып келіп, өз таңдауларын жасады. Жақын маңдағы әскери бөлімнің қызметкерлері де сайлау учаскесіне барып, дауыс беруге қатысты.
Бұл күні ауылдағы қоғамдық белсенділік мерекелік шаралармен де жалғасты. Ауылдық мәдениет үйінің алдында тұрғындарға арналған концерт ұйымдастырылып, ән мен жырдан шашу шашылды.
Сонымен қатар азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп, тұрғындарға қажетті тауарлар қолжетімді бағамен ұсынылды. Жәрмеңкеде мектепке қажетті кеңсе тауарлары да сатылып, ата-аналар мен оқушыларға қажетті заттарды тиімді бағамен алуға мүмкіндік жасалды.
Құрылтай депутаттарын сайлау күні Қордай ауданындағы барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі белгіленген тәртіппен жүргізілді. Учаскелердің жұмысында қажетті ұйымдастырушылық шаралар қамтамасыз етіліп, азаматтардың өз сайлау құқықтарын жүзеге асыруына жағдай жасалды.
Сайлау барысында әр азаматтың таңдау жасауына мүмкіндік беріліп, қозғалысы шектеулі тұрғындар, қарттар мен денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтардың да дауыс беру құқығы қамтамасыз етілді.
Жастардың алғашқы рет дауыс беруі, ғасырдан асқан қариялардың таңдау жасауы, жас отбасылардың сайлауға қатысуы, еңбек ұжымдары мен әскери қызметшілердің азаматтық белсенділік танытуы – Қордайдағы сайлау науқанының қоғамның әртүрлі буынын қамтығанын аңғартты.
Құрылтай сайлауы – азаматтардың өз таңдауын білдіретін маңызды қоғамдық-саяси үдеріс. Осы тұрғыдан алғанда, Қордай ауданындағы сайлау науқаны ұйымдасқан түрде, қолданыстағы заңнама талаптары сақтала отырып өтті. Барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру үшін қажетті жағдайлар жасалып, тұрғындардың азаматтық құқықтарын жүзеге асыруына мүмкіндік берілді.
Қордай ауданындағы Құрылтай сайлауының басты ерекшелігі де осында – әр азаматқа өз таңдауын жасауға мүмкіндік беріліп, сайлау процесі заңнама талаптарына сәйкес, ұйымдасқан түрде және белгіленген тәртіппен сәтті өткізілді.