«БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ — ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ!»

0

Балалар қауіпсіздігі қашанда басты назарда бола бермек. Әсіресе, жаз келіп, демалысқа шыққан балақайларға бас-көз болу үлкеннің міндеті. Сонымен қатар, жалпы бала тәрбиесі, жасөспірімдер ішінде қылмыстың алдын алу да бүгінгі күннің өткір мәселелерінің бірі. Қордай аудандық Мәдениет үйінде өткен «Бала қауіпсіздігі-қоғамның басты міндеті!» тақырыбындағы ата-аналармен кездесудің басты мақсаты да осы болды.

 

Жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының  басшысы Мейірхан Өмірбек, Қордай ауданы әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, құқық қорғау органдары  мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен қоғамдық ұйым өкілдері, ата-аналар қатысты.

 -Бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді білім беру ұйымдары арқылы түрлі іс-шараларда жан-жақты айтып, талқылап келеміз. Онда аналар мен әкелердің ролін көрсететін форумдар облыста белсенді өтуде. Ендігі мақсат осы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамның назарын аудару болып отыр, — деген Мейірхан Азатұлы бұл кездесудің негізгі мақсатына тоқталды.

 — Бүгінгі күні ең өзекті мәселенің бірі — ол отбасындағы өсіп келе жатқан жасөспірімнің психологиялық ерекшелігін барлық жағдайда ескерілмеуі. Сол себептен бүгінгі кездесу әр баланы біліп, түсініп, сол баламен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілдерін ата-анаға, қоғамға жеткізу қажеттілігінен туындап отыр. Біз білім мекемелерінде балалардың жәбірленуіне жол бермеу мақсатында бұйрық шығарып, жоспар бойынша жұмыстарды жүргізіп келеміз. Осы жасөспірімнің мінез-құлқының қалыптасуына байланысты отбасының әсері мол, — деді білім басқармасының басшысы.

Баяндамашының айтуынша, 2022 жылы облысымызда жасөспірімдер арасында 13 оқыс оқиға орын алған. Әр оқиға бойынша жұмысшы топ құрылып, сараптама жұмыстары жүргізіліпті. Оның 11 оқиғасы жасөспірімнің тұрып жатқан мекен-жайында болған. Бұл бала психологиясына кері әсер еткені анық. Сол себептіде жиынға арнайы мамандар шақырылып, олардың баяндамалары тыңдалды.

Кездесуде балалар мен жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша  психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Вероцкая, облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр дәрігері Регина Цой, облыстағы балалардың құқығын қорғау уәкілі Дәурен Бағжанов, республикалық «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы филиалының психологы Марал Хантөреқызы баяндама жасаса, аталмыш тақырып бойынша өз ойымен Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов бөлісті.

Жиын барысында сөз алған Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аталмыш тақырып аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталып, бала тәрбиесі, ата-ана міндеті, жалпы қоғамдағы осы бір күрделі мәселелер турасында ой қозғап, бұл жайлар аудан әкімдігінің үнемі назарында болатындығын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.