Балабақшадағы күз мерекесі

0

Балабақшаларда өтетін кез келген шара балақайлардың риясыз күлкісіне, шынайы шаттығына толы таңғажайып мерекеге айналатыны сөзсіз. Күзді ересектердің көпшілігі көңілің құлазитын күреңсіз мезгіл деп жатса, балалар бұл кезден де бақытты сәттерді тауып алады. Олар аяқ астындағы сықырлаған жапырақтарды басып, шалшық кешіп, қолшатырларын ұстап, жаңбырдың астында асыр сала жүгіргенді ұнатады. Сондықтан болар, балабақшадағы күзгі бал бүлдіршіндердің сүйікті мерекелерінің бірі.
Бұл мерекеге барлық балалар шынайы ықыласымен дайындалып, өз өнерлерін көрсетіп, ата-аналарын да мәз-мейрам етіп жатады. Міне, жыл сайынғы дәстүрмен жуырда Қордай ауданындағы «Бөбек» балабақшасында күз мерекесі ұйымдастырылды. «Арайлы алтын күз» атты шараға бүлдіршіндердің барлығы белсене қатысып, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
«Күз аруы» мерекенің ең қызықты байқауы болды. Жас арулар байқаудың әр кезеңінде өз дарындары мен шеберлігін көрсете білді. Қыздар ән салып, би билеп, көрермендерді тәнті етті. «Күз аруы» байқауының бас жүлдесін Медина Қарабаева жеңіп алса, Әдия Ерболқызы, Амира Қариғұл, Айзере Қабылбек, Аиша Атанова, Айзада Нұрлан, Айсәуле Нұрланға әртүрлі номинацияларда балабақша меңгерушісі Г.Әбдібаеваның грамоталары тапсырылды.
Іс-шара музыкалық жетекші С.Архипова дайындаған «ақ тиін» мен «қызанақтардың» биімен жалғасты. Мереке барысында балалар ән салып, би билеп, қызықты ойындарға қатысып, жұмбақтарды шешіп, тақпақ айтты. Іс-шара балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.