Бауырлас елге комек

0

Сәрсенбі күні Гвардейск қалашығында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтынан 25 мың доза отандық «QazCovid-in» немесе QazVac вакцинасы көршілес Қырғыз еліне жіберілді. Бұл туралы келісім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың келіссөздері нәтижесінде орын алған болатын.

Екпені жіберерде аталмыш институттың басшысы Күнсұлу Закарья және вакцинаны зерттеп, өндіруге атсалысқан ғалымдар жиналып, QazVac-тың артықшылықтары және оның құрамы жайында кеңінен баяндап берді.

— Отандық екпенің артық-шылықтары – вакцина құрамындағы ақуыздардың жиынтығынан тұратын толық вирионды инактивтелген SARS-CoV-2 вирусына қарсы жоғары антиденелік жауап пен тұрақты иммунитеттің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бұл дегеніміз, жоғары қауіпсіздік және төмен реактогенділік. Екпе 3 фазалық сынақтан өтті. Зерттеу кезінде вакцина 90 пайыздық тиімділікті көрсетті және де қауіпті індеттің ауыр формаларына да төтеп бере алатынын дәлелдеді. QazVac екпесі 21 күн аралығында екі этапта салынады. Вакцинаны 18 жастан жоғары азаматтарға егу ұсынылған. Біз бұл вакциналармен қатар көршілес елге 2 ғалымды да жібереміз. Олар Бішкекте арнайы жиын өткізіп, екпені қалай егу және қалай сақтау керектігі жөнінде баяндап беретін болады, — деді Күнсұлу Дальтонқызы.

Осыдан кейін 25 мың доза екпе салынған қорап арнайы жабдықталған жүк көлігіне тиеліп, Қордай ауылына қарай бет алды. Көлікті «Қордай» — «Ақжол» өткізу пунктінде аудан әкімі Рүстем Дәулет қарсы алып, сәттілік тілеп, шығарып салды. Ал, гуманитарлық көмекті «Ақжол» өткізу пунктінде Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев пен ҚР Қырғызстандағы елшісі Рапил Жошыбаев қабылдап алды.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.