Белсенді жастар марапатталды
Қордай аудандық мемлекеттік архивінің мәжіліс залында Халықаралық жастар күніне және «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты жиын кең көлемде ұйымдастырылды. Бұл шара аудан өміріндегі жастардың рөлін одан әрі көтеруге бағытталған маңызды бастама ретінде өткізілді.
Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл аудан басшысы Бегзат Болатбековтың атынан қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, құттықтау хатын табыстады. Ол өз сөзінде қазіргі таңда ауданның дамуы мен өркендеуіне белсенді түрде атсалысып жатқан жастардың маңыздылығына ерекше тоқталды. «Ел болашағы – жастардың қолында» деген ұлы дана сөздің маңыздылығын атап, жастарға деген қолдаудың қоғамдағы негізгі міндет екендігін жеткізді. Жастардың әрқашан әлеуметтік-экономикалық және мәдени салада қанаттарын кеңге жайып, өз әлеуетін толық аша алуына мемлекет пен қоғам тарапынан қажетті жағдайлар жасалуы тиіс екеніне назар аударды.
Сонымен қатар, мерекелік шара барысында ауданның қоғамдық және мәдени өміріне өз үлесін қосып жүрген белсенді жастар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл – жастардың еңбегі мен талпынысын бағалаудың айқын көрінісі.