Аудандағы табысты кәсіпкерлердің бірі Сәрсебек Салыбаевтың өз бойындағы ерек мінезді атымтай жомарттығынан көреміз. Оның мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен, президенттік «Парыз-2021» дипломымен, «Алтын сапа» байқауының қола жүлдесімен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталуы, Қордай ауданының Құрметті азаматы атанып, республикалық «Жомарт жүрек» байқауында үздіктердің қатарынан көрінуі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының, облыс, аудан әкімдерінің, мәслихаттардың нешеме алғыс хаттарын иеленуі, «Қазақстан патриоты» атануы – кәсіпкерлік саладағы жетістіктерімен қатар елге жасаған жақсылықтарының өтеуі.
Алайда, С.Салыбаев бірден кәсіпкер бола қойған жоқ. 1956 жылы Әулие шоқының баурайындағы Керу ауылында дүниеге келсе, сондағы сегізжылдық, Каракемердегі орта мектепті бітіріп, екі жыл Қиыр Шығыста әскери борышын өтеді. Красногор кеңшар-техникумында, Алматы ауылшаруашылық институтында оқып келіп, ауылда техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер болып жүрген жерінен ойда жоқта мемлекеттік автоинспекциядан бірақ шықты. 1982 жылы рота старшинасы болып бастаған қызметінен 2002 жылы аға көлік инспекторы, полиция майоры шенімен демалысқа шықты. Автоинспекция қызметіндегі жиырма жылда ол жол қауіпсіздігін бұзушылармен, автокөлік ұрлаушылармен, контрабандашылармен, браконерлермен күресте нешеме оқиғаларды басынан өткерді. Мемлекеттік қызметті жақсы атқарғанына оның ССРО Ішкі істер министрінің Алғыс хатын алғаны, омырауындағы 10 және 20 жылдық «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері, басқадай марапаттары айғақ.
Жастары толуына байланысты автоинспекциядан қызметтен кетуге бір-екі жыл қалғанда МАИ бастығы, құрдасы Тұрысбек Құсайынов екеуі ақылдаса келіп, туған ауылдары Шарбақты мен Қаракемердегі өздері оқыған мектептерде оқушылардың «жас автокөлік инспекторлары» отрядтарын құрды. Өз қаражаттарымен балаларға арнайы киімдер тіктірді. Мектеп оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелерін үйрететін бұл игі бастама келер жылдары аудандық, облыстық деңгейде өріс алды. 2013 жылы Қордайдағы үздік «жас инспекторлар отрядына» қоғамдық тәртіпті қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі берілді. Сәкеңдер негізін қалаған сол «жас инспекторлар» қозғалысы күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Қылшылдаған қырық бесінде зейнетке шыққан көргені көп, денсаулығы мығым азамат қалай қарап жатады. Көп ойланбастан екі білегін түрініп, белін бекем буынып кәсіпкерлікке бет бұрды. Әуелде астындағы қымбат көлігіне дейін сатып, аудан орталығынан «Достар» кафесін салған болатын. Кейін екіншісін, үшіншісін салды. Салыбаевтың тұрғызған ғимараттары сонадайдан көз тартатын ерекше үлгіде болып келеді. Оның бәрінің сызбасын шетелдерден көріп келгені бойынша өзі таңдаған.
Міне, осылардың арасында «SSSR» бірден көзге түседі. Екі қабаттан тұратын сауда-қонақ үй-сауықтыру кешенінің бұл атауы оның иесі Сәрсебек Сұлтаналыұлы Салыбаевтың аты-жөнінің бас әріптерінен құралған деп қабылдауға болады. Атақты боксшы Геннадий Головкиннің «GGG» немесе әнші Төреғали Төрәлінің «ТТТ» дегені тәрізді. Бірақ кәсіпкердің өзі бизнесін кешегі күні өткен кеңестік империяның атауымен байнаныстырғанын жасырмайды.
– Бір кезде СССР-де өмір сүргеніміз рас қой, қалайда ол біздің тарихымыз. Дүние жүзін аралай жүріп мұндай неше алуан атауларды көруге болады. Мәселен, Малайзияның Лангваки аралында болғанымда қырғызстандық бір азаматша ашқан «СССР» деген мейрамхананы көрдім. Онда баяғы кеңестік асхананың дастархан мәзірі шетінен самсап тұр. Бұрынғы он бес республиканың туларымен, октябрят, пионер, комсомолдық атрибуттармен безендіріп қойған. Тайландта болғанымда да «СССР» атаулы көпшілікке арналған орында болдым. Басқа да біраз елдерде осындай бар деседі. Менің де өз шаруашылығымды солай атауға ұйғарсам, оның несі айып. Бірақ, мұным бұрынғы кеңес кезеңін аңсау емес, бұл – бизнестік бренд. Яғни, келушілерді тарту мақсатында жаттандылықтан өзгеше стиль іздеу деп түсіну керек, – дейді С.Салыбаев.
Шынында да «СССР»-дің ішінде кеңес үкіметі кезіндегі көз үйренген плакаттар түр-түрімен ілініп қойылған. Бірақ, олардың дені осы сауда кешенінің суреттерімен қабыстырылған коллаж түрінде, клиенттерді қызықтыру мақсатында жасалған. Кешен құрамында кеңестік дастарқан мәзірлі «Бистро» кафесі, қонақ үй, дүкендер, дәріхана, массаж жасайтын, емшара қабылдайтын орындар, фитнец залы бар бассейн, той-томалақтарға шерулік қызмет көрсететін шағын автопаркі де бар.
Жылдар өте Сәрсебек Салыбаев ісі ілгері басқан танымал кәсіпкерлердің біріне айналды. Оның туған ауылы Керуде мешіт салғанын, өзі оқыған мектебіне демеушілік жасайтынын, ауданда өтіп жататын көпшілік жиындардан қалыс қалмай, түрлі қайырымдылық акцияларына белсене қатысып тұратынын білеміз. «Пайдаңды жақсы болсаң көпке тигіз» деген қағиданы ұстанатын Сәкең 2018 жылдары «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында бизнес-құрылым өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, волонтерлерді кіші отанын дамытуға ынталандыру және қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеяларын насихаттау мақсатында өріс алған «Жомарт жүрек» жобасының бірнеше мәрте жүлдегері атанды. Ол аудан орталығында 26,9 миллион теңгеге аз қамтылған отбасыларына төрт үй салып берген еді. Кейінгі жылдары 15 миллион теңгеге тағы да төрт үй тұрғызып, кілтін қоныс иелеріне өз қолымен тапсырды. Меценат мұнымен қоса бауырларының барлығына баспана сатып алуына қаржылай көмек көрсетсе, үйі өртенген жалғызбасты анаға бес мың кірпіш пен құрылыс заттарын алуға көмектескен.
Бірер жыл бұрынғы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген «короновирус» індеті елдің есін кетіргені ұмытыла қойған жоқ. Талайлардың шырағын сөндіріп, шаңырағын шайқалтты. Ауруханаларға науқастар сыймай, дәрі-дәрмектер, емдеу құралдары жетпей жатты. «Тәж тажалы» көптеген кәсіпкерлердің де жұмысын тұралатып, табыстарын құрдымға кетірген болатын. Салыбаевқа да оңай тиген жоқ. Соған қарамастан ол аудан басшылығының дәрігерлерге көмек қолын созу туралы шақыруына алғаш үн қосқандардың сапынан табылды. Қордайдағы табысты кәсіпкерлердің басын қосып қаражат жинауға бастамашы болды. Ел басына күн туғанда аудан кәсіпкерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып аз уақытта 16 миллион теңгедей қаражат жиып, оның 11,8 миллионына өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратын, әрқайсысы 2,5 миллион теңгелік екі шағын тыныс алдыру аппаратын, 120 орындық төсек-орын жабдықтарын, басқадай қажетті медициналық құралдарды алдырып аудандық ауруханаға табыс етті.
Қыста қар қалың түсіп, күн борандатқан сайын Қордай асуы жаққа елеңдеп тұратыны да бар. Өйткені, бірнеше күнге ұласатын адуын «Қордай желінің» бет қаратпас бораны көліктердің жүрісін қиындатып, кейде қар құрсауында қалдыратыны оған сонау автоинспектор кезінен мәлім. Мұндайда көңілі алаңдап, жол талғамайтын көлігімен асуды бетке алады. Сондағы жолшылармен, полиция қызметкерлерімен бірігіп тұрып қалған көліктердің жүргізушілері мен жолаушыларына түні бойы нан, су таратады. Көбісінің жанармайы таусылып, басқа көліктерге тығылып отырғандарына бірнеше сағат болған, ал жолдың ашылуы ұзаққа созылып жатса, «жолдасы көптің қолдасы көп» деген, ватцаппен көлігі мықты әріптестеріне қайырылады. Қарындары ашып, аяз сорып қалтыраған жолаушыларға шәй, кофе алдыратыны, немесе көліктеріне мінгізіп өзінің кафесіне әкеліп, ас дайындаушы қызметкерлерін түн ортасында шақыртып ыстық тамақ ұйымдастыратыны, сыймағандарын жақын мектептерге орналастыратыны үйреншікті жай. Тіпті, бірде жолаушылардың арасынан ай-күні жақындаған жүкті әйелді дереу перзентханаға жеткізбегенде, асу белінде жағдайы не болары неғайбыл еді.
«Адам ғұмыры ұзақтығымен ғана емес, мазмұнымен өлшенеді» деген сөз бар. Мазмұн дегенде оның елге жасаған қамқорлығын, айта жүрерлік игі істерін айтса керекті. Сәрсебектің кез-келген адамның ойына келе бермес тың идеяларды көтеріп іске асырғанша асығатыны жұрттың бәріне бірдей жағады деуге болмас. Оның бастамаларын көпе-көрнеу елемеу де орын алып тұрады. Соңғы жылдары туризмді дамыту жайлы көтерілген мәселеге орай аудан орталығының іргесінен халқымыздың тұрмыстық салт-дәстүрлері жан-жақты көрсетілетін этноқалашық салуды қолға алғанды. Ол жерге қазақтың киіз үйін тігіп, нағыз қазақы тағамдармен дастархан жасап, төрт түлікті сол жерге байлап, оларды сауып көрсетіп, қызмет көрсетушілердің барлығы ұлттық киімдермен жүріп, қазақтың тарихынан сыр шертетін көне бұйымдар мен мүсіндер қойылса, домбырадан күмбірлеп күй төгіліп тұрса, ұлттық дәстүрлер көрсетіліп ойындар ойналса деген ойы болды. Осылай туристерді тартатын қызықты нысанға қыруар қаражатын шығарып, бір-екі жыл айналдырып көрген бастамасына туризмді жүргізушілер тарапынан қызығушылық болмағасын, жұмыстарды орта жолдан тоқтатты да, нысанды қонақ үй мен саунаға өзгертіп сатып жіберді. Егер әкімдік жер белгілеп берсе аудан орталығындағы жаңа құрылып жатқан ықшамаудандардың бірінен бір гектар жерге ағаш көшеттерін әкеліп отырғызып, басқадай керек-жарақтарын да түгендеп саяжай жасап бермек екенін аудан басшыларына құлақдар етіп қойған. Айтпақшы, Сәкеңнің Қазақстан халық партиясы аудандық ұйымының төрағасы ретінде мойнына артқан қоғамдық жұмыстары өз алдына.
Жасы жетпісті алқымдаған Секеңнің отбасына келсек, Қаламқас, Бақыт, Қарлығаш атты ұл-қыздарының әрқайсысы жеке отау иелері. Немерелерінің алды жоғары оқу орындарында білім алуда. Қазіргі зайыбы Индира екеуінің екі қыз, бір ұлы да оқу бітіріп, азамат атанар күн алыс емес. Міне, абырой биігіне ешкімге алақан жаймас өз тірлігімен, қайта өзгелерге шапағатын тигізіп жүрген қайырымдылық қасиетімен, ерен туған болмыс байлығымен көтерілген біздің Сәкең осындай жан.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист