Данил «Қордай барысы» атанды

0

18 сәуір күні Әлжан ана ауылындағы спорттық сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті  Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Қордай ауданының іріктеу жарысы өтті.

Турнир басталмас бұрын спорт ардагері Алтыбаев Мықтыбек, ауданының бас имамы Сатылғанов Асқар, Қордай аудандық қазақ күресі федерациясының президенті Жолдасов Жеңісбек және аудандық спорт бөлімінің басшысы Молдағалиев Дидар спортшыларға сәттілік тіледі.

«Қазақстан барысы» жобасы ел халқының саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне, ұлттық құндылықтарды жоғары қойып, қазақ күресі спортының тынысын ашуға үлкен серпін беріп келеді.

Аталған турнирде 21 палуан бақ сынап, боз кілем шаңын шығарған кіл мықтылар арасында финалдық кездесулерге дейін жеткен  қордайлық Орынбаев Әлмұхан үшінші орынға ие болса,  екінші орынды Добай Әмір, ал  бірінші орынды сарыбұлақтық Фёдоров Данил жеңіп алып, «Қордай барысы» атанды. Жеңімпаз палуандар медаль, кубок,  диплом және Қордай аудандық қазақ күресі федерациясының президенті тарапынан ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бірінші және екінші орын алған палуандар Облыстық іріктеу жарысына жолдама алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.