Елдің ырысы – табиғаттың байлығы. Сол байлықты қызғыштай қорып, қамқорлығына алып, ерінбей еңбектеніп жүрген жандар – орман шаруашылығының қызметкерлері. «Қарақоңыз ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» 1946 жылы құрылып, экологиялық тұрақтылықты сақтау мен табиғи ресурстарды қорғау саласында маңызды қызмет атқарады.
1971 жылы облыстық атқару комитетінің шешімімен қорық мәртебесіне ие болған мекеме табиғат қорғау ісіндегі белсенді шараларын арттыра отырып, жергілікті флора мен фаунаны қорғау бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Мекеменің құрамындағы «Қарақоңыз» мемлекеттік табиғи ботаникалық қаумалының орны ерекше. 3070 гектар жерді алып, осы алқапта сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың түрлерінің сақталуына жағдай жасауда.
Орман қорының жалпы көлемі 13 384 гектар, оның 6088 гектары орманмен жабылған. Батыс орманшылығы 5932 гектар, ал Шығыс орманшылығы 7452 гектар бойынша мекеме қызметкерлері экожүйенің сақталуы мен жануарлар дүниесінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді.
«Қарақоңыз ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің» директоры Шыңғыс Мәжит мекеменің экология саласындағы рөлін, міндеттерін және алдағы жоспарларын баяндап, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғаудың маңыздылығын атады.
«Біздің мекеменің басты мақсаты табиғи ресурс-тарды қорғау және экологиялық тепе-теңдікті сақтау. Біз тек табиғат қорғаумен ғана шектелмей, жергілікті экожүйені сақтау, оны зерттеу және болашақ ұрпаққа жеткізу жұмыстарын да жүзеге асырудамыз. Қорық аумағында орналасқан әрбір ағаш пен шөп, жануар мен құс біздің назарымызда. Сондықтан, біз экологиялық білімді көтеру, тұрғындармен байланыс орнату жұмыстарын белсенді түрде жүргіземіз», — деді Шыңғыс Мәжит.
Директор бұдан бөлек, мекеменің техникалық базасын жаңартудың маңыздылығына да тоқталды.
«2025 жылы біз техниканы жаңартып, мемлекеттің қолдауымен «JAC» автокөлігін алдық. Бұл бізге ормандарды күзету және экологияны қорғау мақсатында жұмысымызды тиімді атқаруға мүмкіндік береді. Біздің арсеналымызда 8 автокөлік, 3 трактор және 4 мотоцикл бар, олар қызметкерлеріміздің жұмысын жеңілдетеді», — деді ол.
Шыңғыс Мәжит қорықтағы баланстың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, орманшылар мен мамандардың үнемі дайындықтан өтетінін баса айтты.
«Біздің мекемеде 12 орманшы жұмыс істейді, олар әр күн сайын орманды қадағалап, табиғаттың ретін бұзбай, жем-шөп дайындау жұмыстарын жүргізеді. Бізде әр орманшылықтың өзіне тән аумағы, өрт сөндіру бөлімдері мен көліктері бар. Бұл біздің қызметкерлерімізге экологиялық қауіпсіздікті сақтау және орман ресурстарын тиімді пайдалану үшін қажет», — деп атап өтті.
Мекеме қылқан жапырақты ағашты тұқымынан себу арқылы көбейту жұмыстарын былтырғы жылдан бастаған. Бұл жұмыстар Қарақоңыздағы бос жатқан жерлердегі құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылуда екен.
Әдетте абайсыз жағылған от, сөнбей қалған шоқ сынды қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, найзағай секілді табиғи құбылыстан да орман өрті пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ құрғақшылық жылдары, көктем мен күз қоршаған орта үшін қауіптілігі неғұрлым жоғары кезең саналады. Орманшы-қорықшылар жыл сайын өрт қауіпі кезеңінің басталуына орай, орман өртін болдырмау және оның алдын алу үшін аудандық полиция, төтенше жағдай бөлімімен бірлескен іс-шаралар жасалады.
Сонымен қатар, директор экожүйенің бүгінгі жағдайын сипаттай келе, мекемеде тіркелген бірнеше сирек кездесетін түрлерді атап өтті.
«Қорықта екі жүзден астам елік, екі мыңдай кекілік, бес жүзден аса қырғауыл, жүзге тарта қабан, қасқыр мен сілеусін түрлері мекен етеді. Біз Қызыл кітапқа енген «Грейг қызғалдағы», «Кавказ каркасы» және таулы аймақта өсетін «Сиверс алмасы» сынды өсімдіктерді де қадағалаймыз. Біздің мақсатымыз – бұл түрлерді сақтау және өсіру», — деді директор.
Мекеменің әр орманшылығында өзіне тән аумағы, өрт сөндіру бөлімі мен көлігі, орманшыларға арналған үйлері бар. Олар қаумалдың қауіпсіздігін күзету, осында мекендейтін жануарлардың жем-шөбін дайындау мен экосистеманы сақтау жұмыстарын жауапкершілікпен атқарады.
Барлық атқарылған жұмыстар мен жоспарлар жергілікті экожүйені сақтап, экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған. Мекеме қызметкерлері қоғамда табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыруға тұрақты түрде үлес қосуда. «Қарақоңыз ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» болашақ ұрпаққа таза табиғат пен бай экожүйені сақтау үшін жан-жақты жұмыс істеп келеді.
Мекеме қызметкерлері заң бұзушылықтарды бодырмау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп әрі өз міндеттерін зор жауапкершілікпен атқарып, халыққа мінсіз де адал қызмет етіп келеді. Біз де оларға табыс тілеп, сексен жылдық мерейтойымен құттықтадық.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ