Ерлік сабағы өтті

0

Гвардейск гарнизонындағы танк бригадасының әскери қызметшілері «Танкистер күнінде» мектеп оқушыларына «Үздік әскери қызметші» тақырыбында ерлік сабағын өткізді.

Әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Думан Біләловтың ұйымдастыруымен өткен шараға Халықаралық армия ойындарына қатысушы үздік әскери қызметшілер мен Ауған соғысының ардагері Серік Шегіров және Қарулы күштердің ардагері танкист Василий Степчук қатысты.
Ерлік сабағы барысында танкист мамандығының ерекшеліктері, танк әскерінің жауынгерлік әзірлікті ұстаудағы жетістіктері және Халықаралық армия ойындарындағы қазақ әскерінің жеткен жетістіктері айтылды. Сондай-ақ оқушыларға әскери маман болу үшін қойылатын талаптарды жеткізіп, оларды Отансүйгіштікке шақырды. Сабақ соңында үздік әскери қызметшілердің кубок, медальдары көрсетіліп, Халықаралық армия ойындары бойынша бейнеролик көрсетілді.
Сонымен қатар оқушылар бірнеше сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Олар үздік әскери қызметшілердің шетелдегі Халықаралық армия ойындары барысындағы патриоттық сезімдерін білгісі келіп, үздік әскери қызметшілердің бала кездегі армандарына саяхат жасады. Оқушылар сабақтан рухани азық алып, әскерге қызығушылықтары арта түсті.
– Біз бүгін «Танкистер күні» кәсіби мерекесінде мектеп оқушыларына ерлік сабағын өткіздік. Әрине Қарулы күштердің жеткен жетістіктері көп. Мұны жастар білуге тиіс. Халықаралық армия ойындарында жеңіске жетіп, үздік танылған әскери қызметшілерімізбен мақтана отырып, оқушыларға патриоттық тәрбие бере алдық деп ойлаймын – деді подполковник Думан Біләлов.
Айта кетейік танк құрамасында батальон сержанты 3 сыныпты сержанты Сұңғат Садвакасов 2017-2018 жылдары «Танк биатлоны» сайысына қатысып, бірнеше жүлденің иесі атанған. Ал танк ротасының сержанты 3 сыныпты сержант Сейіткәрім Нұрсейітқожа Халықаралық армия ойындары аясында Арменияда өткен «Әлем жауынгері-2017» конкурсында 2 орын, «Әлем жауынгері-2018» конкурсында 1 орынды иеленді. Сондай-ақ танк ротасының сержанты аға сержант Бектөре Назашов Халықаралық армия ойындары аясында Арменияда өткен «Әлем жауынгері-2022» байқауында 1 орын иегері атанған.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.