Қазіргі өмірді бұқаралық ақпарат құралдарсыз елестету мүмкін емес.
БАҚ қызметкерлерінің жедел және кәсіби жұмысының арқасында әр адам күн сайын өзекті ақпаратты, жаңалықтарды интернет-көздерден, теледидардан, радиодан, газеттер мен журналдардан алады. Газет ісінде кейбір мамансыз жұмыс мүлдем жүрмей қалуы да мүмкін. Ол мамандарды ешкім көрмейді, естімейді, сонымен қатар олар туралы білмеуі де мүмкін. Бірақ, өз ісінің нағыз шебері жайында бүгін сөз етпекпіз. Газетіміздің фототілшісі, бейнеоператоры Айбек Нәкен тындырымды ісімен талайға үлгі жан.
Айбек Болатханұлы 2013 жылы Жамбыл ауылындағы мектепті бітірген соң, Бетқайнардағы №7 колледжге оқуға түсіп, сәтті аяқтап шығады. 2014 жылдан 2019 жылға дейін Қордай аудандық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде еңбек етіп, тура осы бейнекамерамен жұмыс істеудің хас шеберіне айналып, әрдайым журналистер жанынан табылып, түрлі бейнематериалдар дайындауда мол еңбек сіңіріп келді. 2016 жылы ол әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын да өтеп келеді. «Қордай Шамшырағы-Кордайский маяк» газетінің редакциясында Айбек Нәкен 2019 жылдан бері тұрақты жұмыс атқарып келеді. Сол 5 жылдың ішінде ол өзін кәсіби фотограф және бейнеоператор ретінде көрсете алды.
«Әрине, мен газетте жұмыс атқарып келе жатқалы аз ғана уақыт өтті – 5-ақ жыл. Бірақ осы уақыт ішінде менің камерамның объективіне көптеген адамдар, ғимараттар, қызықты оқиғалар түсті. Маған өзімнің жұмысым ұнайды. Мен короновирустың кезінде және Масаншы оқиғаларының ортасында жүріп, жұмысымды атқардым. Сонымен қатар, әрине, жақсы, қуанышты іс-шаралар мен жағдайлар да болып тұрады. Соның бәрін суретке түсіріп, бейнежазба жасағанды өзім қызық көремін. Ал енді, өзімнің жанымды салып жасаған жұмысымды – әдемі бейнежазбаларды көріп, бағалағанда, мені мақтағанда, өзімді бақытты сезінемін», — деп бөліседі Айбек.
Айбек кез келген уақытта, тіпті демалыс күндері де жұмыс істеуге дайын. Өйткені, фотограф суреттерді түсіріп қана қоймайды, ол сол суреттері арқылы әңгіме айтып, оқиғалардың атмосферасы мен эмоцияларын жеткізеді, бұл контекст пен адамның тәжірибесін терең түсінуді талап етеді. Фотожурналистің жұмысы өте қызықты болуы мүмкін. Бұл фотосурет пен журналистиканың әр қайсысын жеке алғаннан гөрі, көпжақтылық пен тәжірибенің әртүрлілігі — мамандықтың ең құнды бөлігі бола алады. Жалпы жаңалық тапсырмалары әдеттегідей. Концерттер, жарыстар, байқаулар, жаңа ғимараттардың ашылуы, түрлі іс-шаралар, акциялар, конференциялар, марапаттау рәсімдері, ағаш отырғызу — бұл жалпы жаңалықтардың барлық түрлері. Бүгінгі таңда заманға сай мобилограф жұмысын жақсы игерген. Айбек Болатханұлы жасаған бейнероликтер кәсіби шеберлерлен еш кем емес. Оның жасаған видеолары қазір әлеуметтік желілерде әсемдігемен көзге түсіп жүр. Ал, жаңалықтар лебімен түсірген бейнелері үнемі телеарналардан беріліп тұрады. Жоғарыда айтпағымыз да осы. Көз жауын алатын, шебер жасалған видеолардың авторын көп жағдайда ешкім біле бермейді. Ал, оны көздің майын тамызып, монтажын жасап, көкшілікке ұсынып жүрген қарапайым ғана жігіт.
«Егер тілшінің бір әңгімеге 500 сөзі болса, онда суретке түсіруші бәрін бір кадрда көрсетуі керек. Бұл кадр тек суретке түсірушінің өзіне ғана емес, сонымен қатар кейіпкерлерге, тілшіге, бас редакторға, сондай-ақ оқырмандарға ұнауы керек, сонымен қатар бұл менің жұмысымда ең қиын, өйткені біз бәріміз ерекшеленеміз және бәріне бірдей ұнай алмаймыз. Көбісі суретке түсірушінің жұмысын жай ғана «түймені басу» деп ойлайды, бірақ бұл шындықтан алыс, өйткені оны баспас бұрын бір мезгілде көптеген сәттерді ескеру керек, кейде оған бір сәт қана болады. Егер оған бейімділік болмаса, онда өте қиын»,- дейді біздің кейіпкеріміз.
Айбек Нәкен, сонымен қатар, отағасы, ата-анасының, жұбайының және балаларының тіреуі болып жүрген жан. Жұбайы Камилла ауыл балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етуде. Олар 5 жасар Айым мен 4 жасар Айбардың ата-анасы. Балалар асқар таудай әкелерін қатты жақсы көріп, оның жұмыстан үйге оралуын асыға күтеді. Әріптесіміз Айбек Нәкенді кәсіби мерекемен құттықтай отыра, зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз.
Мадина УЗБЕКОВА