«ТІЛ – ТҰТАСТЫҚТЫҢ ТУЫ»

0

Қордай ауданында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Тіл – тұтастықтың туы» атты мерекелік фестиваль өтті.

 

4 қыркүйек күні Емен саябағында өткен тағылымды шара ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеп, көпэтносты еліміздегі татулық пен бірлікті, түрлі мәдениеттердің өзара сабақтастығын насихаттауға арналды.

Мерекелік кештің шымылдығы «Дала әуені» биімен ашылып, көрерменге «Махаббат» халықтық би ансамблі көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Фанфар үнімен сахна төріне шыққан жүргізушілер көпшілікті 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтап, тілдің ұлт өміріндегі айрықша маңызына тоқталды.

«Тіл – халықтың жаны, ұлттың рухани қазынасы. Ана тіліміз – ата-бабамыздан аманат болып жеткен асыл мұра. Тілді құрметтеу – елді, тарихты, ұлттық құндылықтарды құрметтеу» деген мазмұндағы жүрекжарды сөздер мерекелік кештің негізгі идеясын айшықтай түсті.

Шара барысында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл құттықтау сөз сөйлеп, тіл мерекесінің маңыздылығына тоқталды.

Кештің концерттік бағдарламасы мазмұнды әрі сан алуан өнер туындыларымен жалғасты.

Мерекелік шарада Қордай ауданының этномәдени орталықтары қауымдастығының да орны ерекше болды. Қауымдастықтың заңды тұлғалар бірлестігі жетекшісі Айнура Абыкаева сөз сөйлеп, тіл – халықтарды жақындастыратын, достық пен ынтымақты нығайтатын құндылық екенін атап өтті. Сонымен қатар «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко құттықтау сөз сөйлеп, ел бірлігі мен этносаралық татулықтың маңызын атап өтті.

Аудандық Мәдениет үйі мен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы әзірлеген концерттік бағдарлама көпшілік көңілінен шықты.

Өнерпаздардың орындауындағы «Туған жер» хоры, Сәуле Жуатбекованың «Бақыт вальсі» әні көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш барысында «Соседушки» халықтық фольклорлық ансамблі «Ел тілегі» әнін орындап, «Махаббат» халықтық би ансамблі «Қуаныш» биін тарту етті.

Мерекелік концертте қазақ және орыс тілдеріндегі әндер орындалып, ұлттық өнеріміздің байлығы мен мәдени әралуандылық көрініс тапты. Атап айтқанда, Қ. Байбулаттың «Сары дала», Алина Скрябинаның «Мой Казахстан», Н. Айтұлы мен Ж. Дәулеттің «Қазақ елі», С. Насыров пен С. Османованың «Моя страна», сондай-ақ Р. Үсенованың «Жаса, қазағым» шығармалары көрермен көңілінен шықты.

«Тіл – тұтастықтың туы» концерттік бағдарламасы – тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтайтын рухани алтын көпір екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Тілдің тағдыры – елдің тағдыры. Тілдің мерейі – ұлттың мерейі. Сондықтан ана тілімізді ардақтап, еліміздегі барлық тілдерге құрметпен қарау – баршамызға ортақ міндет.

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.