ФУТБОЛ АЛАҢЫНДА ИМАМДАР

0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қордай Құран қариларын дайындау орталығының» демеушілігімен және Қордай аудандық мешітінің ұйымдастыруымен, «Ислам және адал қоғам» жылы аясында өткен турнирге Жамбыл облысының әр ауданынан келген имамдар қатысты.

Турнирдің негізгі мақсаты – дін қызметкерлері арасындағы ауызбіршілікті арттыру, бауырластық қарым-қатынасты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.

Тартысты өткен жарыс барысында жоғары нәтижеге қол жеткізген Һибатулла Тарази медресесінің имамдары жеңімпаз атанса, Масаншы ауылының имамдары екінші орынға тұрақтады. Байзақ ауданының имамдары үздік үштікті түйіндеді, ал облыс орталығының имамдары төртінші орын иеленді.

Жарыс аясында арнайы номинациялар да табысталды. Шу ауданының бас имамы Алмас Кенжемолдаев «Көрермен көзайымы» аталымына ие болса, Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы «Үздік шабуылшы» деп танылды. Ал Һибатулла Тарази медресе-колледжінің ұстазы Наркес Боқанов «Үздік қақпашы» номинациясын иеленді. Сондай-ақ Жуалы ауданының имамдары «Fair Play» аталымымен марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, кубоктар және медальдар табысталды. Турнир имамдар арасындағы ынтымақтастықты арттырып, дін қызметкерлерінің салауатты өмір салтын ұстануына үлгі болды.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.