ИМАМДАР БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУДА

0

Сортөбе ауылындағы «Имамдар үйінде» 26 шілдеден бастап имамдар білімін жетілдіру бойынша жазғы семинар басталды. Ондағы мақсат — Ислам діні насихаттағандай бейбітшілікті ұстанып, бір үйдің баласындай ұйымшылдықта болу үшін ұлттар арасында дәнекер боп жүрген дін мамандарының білімін жетілдіру, елдегі ынтымақ пен бірлікті жарастыру, халық арасындағы татулықты, ауызбіршілікті нығайту, дін мамандарының  білімін тереңдету болып табылады.

Мүфтияттан шығып жатқан құжаттарды насихаттау, теріс ағыммен жұмыс жүргізу үшін имамдарын білімін шыңдап, ханафи мазһабының қыр-сырын тереңдете үйрету де екі апталық семинардың міндетіне кіріп отыр.

26 шілде күні сенминардың ашылуына ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев келіп, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге «Имамдар үйінде» шағын кездесу өткізді. Онда семинардың басты бағыты турасында сөз болып, облыстың әр ауданынан жиналған бас имамдар мен молдаларға оқуға сәттілік айтылып, бірқатар ұсыныстар да берілді.

«Бүгін жоспарымызға сәйкес семинар бас-талды. Осыған қолдау білдірген аудан әкімі Рүстем Дәулетке ерекше алғысымызды айтқымыз келеді. Бұл шараға Жамбыл облысы бойынша әр аудан мен қалалардың бас имамдары жиналып отыр. Мұнда тек дін қызметкерлері білімдерін арттырып қана қоймай, осындағы халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, «Имамдар үйінде» атқарылатын жұмыстарға да қанық болады. Сонымен қатар, уағыздардың негізінен қазақ тілінде жүруіне де күш салатын боламыз», — деді Б.Мырзагелдиев.

«Былтырғы жылдың қараша айында ауданымызда ҚР Мұсылмандар діни басқармасының бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Имамдар үйі» ашылған болатын. Мұнда қазақ тілін оқыту, оңалту бөлмелері бар. Ал, қазақ тілі мәселесіне келер болсақ, қазір тілдерді дамыту орталығында 30 топ жұмыс істеп жатыр, оның 369 тыңдаушысы бар, солардың ішінде ауыл имамдары да қазақ тілін үйренуде. Сонымен бірге, былтыр ауданда Қоғамдық келісім кеңестері құрылған болатын. Оның құрамына әр ауылдың белсенді азаматтары кіріп, өз отырыстарында елдің бірлігі, мемлекеттік тіл және өзге де маңызды мәселелерді қаузап келеді. Ал, бүгін басталғалы отырған семинар жұмысы біздерге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Осы сенім үдесінен шығамыз деп ойлаймыз. Халықтың, елдің бірлігін нығайту жолындағы істеріңізге сәттілік тілеймін», — деген Дамира Маратқызы аудан әкімі Рүстем Дәулеттің ыстық сәлемін жеткізді.

Жалпы семинарға келер болсақ, екі апта ішінде имамдарға сабақты елімізге танымал PhD докторы, «Нұр-Мубарак» университетінің оқытушысы Асқар Акимханов, Тараздық «Әзрет Әли» мешітінің имамы, республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Ғазиз Ахметов, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы, теріс ағымдармен жұмыс жүргізу маманы Бахтияр Амиреев, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлы, «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Мұрат Нұрлан, Алматы қаласы, «Вайнах» мешітің наиб имамы Нұрмұхаммед Именов сынды білікті мамандар тереңдетілген мағлұматтар беретін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.