КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ

0

Қытымыр қыс ақпан айымен аяғына жетіп, жер бусанатын көктемнің де ауылы алыс еместігін көрсетеді. Бұл аудан шаруалары қамданатын шақ. Алда көктемгі дала жұмыстары күтіп тұр.

Оған дайындық қалай? Биылғы ерекшеліктер, жалпы дала жұмыстары жүргізілетін аумақ қандай? Осы және өзге де ауыл шаруашылығына қатысты мәліметтерді аудан әкімдігі ұсынған болатын. Соған назар аударсақ.

Биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарын 127 308 гектарға орналастыру жоспарланып отыр екен. Ауқымды көрсеткіш екені айтпаса да белгілі. Оның 25 740 гектарына бидай, 43299 гектарына арпа, 8 000 гектарына дәндік жүгері, 3 005 гектарына майлы дақылдар, 500 гектарына қант қызылшасы, 2 790 гектарына картоп, 3 427 гектарына көкөніс және 500 гектарына бақша дақылдары, 40 988 гектарына мал азығы дақылдары егіледі деп күтілуде.

Қазіргі таңда егінге қажетті 15 676 тонна тұқымның 14 756 тоннасы қолда бар. Яғни, тұқым дайындығы 94,1 % құрайды, шаруалар ол бойынша тас түйін дайын.  Жетіспейтін тұқым көлемі облысымыз бен көрші өңірлердегі тұқым өндіруге және сатуға аттестаттаған шаруа қожалықтар тарапынан толықтырылмақ.

Жақсы өнім алу үшін тыңайтқыш пен судың жайын реттеген абзал. Ол да назардан тыс қалмаған. Биыл 42 000 гектар алқапқа 12 500 тонна минералды тыңайтқыш қажет екен. Бітік өнім алу үшін 5000 тн аммиак селитрасы,  800 тн аммафос және 6 700 тн басқа тыңайтқыштар қажет болады. Ол жұмыстар жылдағыдай аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы жүзеге аспақ.

Суармалы су мен құрғақшылық зардабын жақсы білетін аудан шаруалары суды үнемдеу технологиясына мықтап көшкен. Мәселен, 17 519 мың гектарда су үнемдеу қолданылатын болса, соның ішінде 16,1 мың гектарына тамшылату, 1,4 мың гектарына жаңбырлату әдісін қолдану көзделген.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағар май жайы да қазірден шешімін табуда. Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының 2024 жылғы  22 қаңтардағы «2024 жылғы ауыл шаруашылығы жұмыстарына мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын айқындау жөніндегі комиссия құру туралы»  №8 бұйрығы негізінде ережеге сәйкес аудан бойынша оператор «Wedo Energy» ЖШС-сы айқындалған. Көктемгі дала жұмыстарына 69 шаруа қожалықтары «ГосАгро» ақпараттық жүйесіне 869,36 тоннаға арзандатылған дизель отынына өтінім беріпті. Айлар бойынша бөлінісіне келер болсақ, ақпанға – 325 тн, наурызға – 325 тн жанармай қойылған. Бекітілген 1 литр бағасы 245 теңге. Шаруашылықтар өздері тасымалдайды, ал 250 теңгеге оператор тиісті жеріне жеткізіп береді.

Көктемгі дала жұмыстарына аудан бойынша 1144 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары қатысады деп күтілуде. Оның ішінде: тракторлар саны — 713, соқалар -154, қопсытқыштар -100, дән сепкіштер-154, дән улағыштар — 23.

Дайындаған Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.