КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСПЕН КҮРЕС

0

Қазір әлемнің бірқатар елі саламатты өмір салтын насихаттау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған. Тіпті, кейбір елдер алкогольді ішімдік ішуге, сатуға қатаң тыйым салған. Қазақстанда да алкогольге қарсы күрес жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Айталық, мемлекетімізде ішімдік сататын дүкендердің мектепке жақын орналаспауы, алкогольді ішімдік сататын күндер мен сағаттарды шектеу, 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь сатпау сынды заңмен бекітілген арнайы ережелер бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Маскүнемдіктен болған өлімнің төрттен бір бөлігі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсауға байланысты жарақаттан, ал төрттен бірі – асқазан-ішек жолдарының аурулары, 19 пайызы – жүрек аурулары, қалғаны – жұқпалы аурулар, обыр және психикалық ауытқулардан туындайды деп мамандар дабыл қағып отыр.

«Ащы судан» бас тартқан ауылдар көп
Елімізде болашақты арақсыз көруге тырысқан ауылдар саны да артып келеді. Бірнеше елді мекендегі дүкендерде ішімдік мүлдем сатылмайды. Мысалы, Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасы, яғни 1 187 адам тұрады. Қазір бұл ауылдың дүкендерінен ішімдік таппайсыз. Себебі ауыл ақсақалдары белсенді жұмыс жүргізген. Осы облыстың Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары екен. Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік елді мекенінің тұрғындары 16 жылдан бері дастарқанына арақ-шарап жуытпапты. Сандықтау ауданына қарасты Красная поляна ауылында да арақ сатылмайды. Осыдан 10 жыл бұрын араққа тойып алған ауыл жастары бір қарияны сабап кетіпті. Сол кезде ауыл ақсақалдары жерлестерін жинап, бұдан былай арақ-шарапқа жуымау жайлы үндеу тастаған. Ақмола облысының Еңбек ауылының дүкендерінде ішімдік атаулы жоқ. Оған себепкер болған осы ауылдың тұрғыны Майдан апа Бақтыбайқызы екен. Ол кісі 2002 жылы ауылдағы өз үйін бұздырып, орнына мешіт салдырған. Сөйтіп, мешіт ашылғаннан кейін жерлестерін арақтан арылуға шақырыпты. Ащы судан бас тартқан ауылдардың бірі – Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыбастау ауылы. Бұл ауылды арақтан арашалаған – ауыл мектебі жанынан құрылған «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры. Қорды ауыл ақсақалдары және осы ауылдан шыққан қазір түрлі қызметте жүрген ауыл белсенділері мен тұрғындары құрған. Райымбек ауданының Қақпақ ауылы да араққа «жоқ» деген. Бұл ауылдан спорт шеберлері Ардақ пен Бейбіт Назаров шыққан. Ауыл жастары осы азаматтарды үлгі тұтып, айтқан сөздеріне құлақ салып келеді. Алматы облысына қарайтын Жыланды ауылы да арақтан бас тартқан. Бұл ауылда он жылдан бері жиын-тойларда тек қымыз ұсынылады. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылында да ішімдік сатылмайтын көрінеді.
Заңсыз ішімдіктер тәркіленеді
Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау мақсатында дүкендер мен сауда нүктелеріне тексеру жүргізіп келе жатыр. Соның нәтижесінде, өңірлердегі заңсыз ішімдіктер тәркіленіп, көлеңкелі бизнеспен күрес қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Петропавл полицейлері жыл басынан бері 15 тоннадан астам лицензияланбаған алкоголь өнімін тәркілесе, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында алкоголь өнімін шығарған астыртын цехтар анықталған. Жамбыл облысы бойынша ҚМА департаментінің қызметкерлері жалған есепке алу-бақылау маркаларын қолданып, алкоголь өнімін шығарып келген цехты анықтап, тінту кезінде 3 мың литрге жуық алкоголь, 36 мыңнан астам бөтелке, жалған есеп-бақылау маркалары, қақпақтарды жабуға арналған құрылғылар тәркіленді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілген.

Әлем елдері қалай күреседі?
Алкогольді ішімдікпен күрес әлемнің барлық елінде қарқын алған. Адамзаттың ата жауына айналған бұл сусынның адам ағзасына келтірер зиянынан басқа пайдасы жоқ. Ішімдіктің көлемі қандай болса да, денсаулыққа зиян. Бұл туралы зерттеу The Lancet медициналық журналында жарық көрді. Вашингтон университеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спиртті сусын қолданады. Алкоголь тұтыну болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін де зиян. Сондықтан Америка алкогольді ішімдік өндірісі мен саудасына қатаң салықтық-фискалдық жүйе енгізген. Американың бұл ұстанымын ұстанатын елдерде алкогольді өнімдерге деген салық жүгі шамадан тыс артық болғандықтан, арақ-шарап өндіру мен сату іс жүзінде тиімсіз. Сол себепті бұл өндіріс көзі сыртқы нарыққа бағытталады. Бұл үлгідегі елдер қатарына АҚШ, Канада, Мексика, Чили, Түркия жатады.
Ал Қытай, Үндістан, Шри-Ланка, Въетнам, Тайланд, Корея, Непал, Оңтүстік Азия елдерінің салт-дәстүрлерінде алкогольді өнімдерді тұтынуға қарсы көптеген ескертулер болғандықтан, халық ішімдіктен мейлінше алыс. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қашан да қолдау көрсетіліп отырады. Мысалы, Қытайда ішімдікті тұтыну мөлшері жылына орташа есеппен алғанда жан басына 50 грамнан аспайды екен. Скандинавия елдерінде салауатты өмір салтын енгізу үшін мемлекет пен халық белсенді түрде іс-шаралар жүргізеді. Осы үшін мемлекет миллиардтаған қаржы жұмсайды. Яғни, саламатты өмір салтын дәріптейтін қоғамдық ұйымдарды қаржылай және саяси тұрғыдан қолдап отырады. Ал арақ-шарап өндірушілер табысының қомақты бөлігін ішімдік салдарынан туындайтын ауру-сырқауларды емдеу шараларына бөледі. Мұндай елдердің тізіміне Германия, Голландия, Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия, Швейцария жатады.
Айта кету керек, ТМД елдері, Шығыс Еуропа мен Латын Америка елдері ішімдікке қарсы күресте қауқарсыз. Бұл мемлекеттерде халық ішімдікке құмар келетіндіктен, мемлекет тарапынан жасалатын бағдарламалар, яки заңдардың жүзеге асуы мардымсыз. Мұндай елдерде жылына адам басына шаққанда алкогольді ішімдік тұтыну мөлшері 25-30 литрге дейін барады.

Көктем ҚАРҚЫН

Leave A Reply

Your email address will not be published.