Қазақстан әлеуметтік қызметкерлер институтын дамытып жатыр
Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, балалары бар отбасыларға және қолдауды қажет ететін басқа да азаматтарға көмек көрсетеді. Бұл көмектің сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметкерлерді даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруді жалғастырып келеді. Бұл мамандардың құзыретін арттырып, азаматтарға уақтылы әрі кәсіби әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде әлеуметтік қорғау жүйесінде 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 1251 маман үкіметтік емес секторда қызмет атқарады. Еңбек министрлігінің сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, мамандардың жартысынан астамы – 55,5 пайызы ауылдық жерлерде, ал қалған 44,5 пайызы қалаларда жұмыс істейді.
Әлеуметтік қызметкерлердің басым бөлігі, яғни 9532 адам, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Тағы 1020 маман стационарлық ұйымдарда, 998 қызметкер жартылай стационарлық ұйымдарда, ал 451 маман уақытша болу ұйымдарында еңбек етеді.
Кадрлардың кәсіби даярлық деңгейіне де ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік қызметкерлердің 6410-ы жоғары білімді, 3633 маманның орта кәсіптік білімі, 1833 адамның орта білімі бар. Сонымен қатар 125 маман магистр дәрежесіне ие.
Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында министрлік «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың өзге де кәсіптері» және «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар» кәсіби стандарттарын бекітті. Бұл құжаттар мамандардың білімі мен дағдыларына қойылатын заманауи талаптарды айқындап, саланы одан әрі дамытуға негіз болады.
Кадрлардың біліктілігін арттыруға да ерекше назар аударылуда. Enbek.skills білім беру платформасында бүгінде 12 мың әлеуметтік қызметкер оқудан өтті. Оқу курстарында кейс-менеджмент, ведомствоаралық өзара іс-қимыл, қызмет алушыларды цифрлық сүйемелдеу және инклюзивті тәсілдерді қолдану мәселелері қамтылған.
Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып, азаматтарға уақтылы әрі білікті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі