Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Сарыбұлақ ауылдық округіне барып, «Благовещенский» суару каналын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Негізінен Қайнар ауылы маңынан жанай жүретін каналдың 18 шақырымы қайта жаңғыртудан өтуде.
Аталған жобаға тапсырыс беруші – Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Ал жұмыстарды жүзеге асырып жатқан мердігер компания – «Qaz Line Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Аудан әкіміне компания өкілдері қазіргі жұмыс барысы туралы баяндап, биылғы жылдың соңына дейін каналды жаңғырту жұмыстары толық аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ, қаржыландыру, мерзім және құрылыс сапасына қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін атап өтті.
Өз кезегінде аудан басшысы бұл жоба аталған аумақтағы диқандардың суармалы суға қатысты көптеген мәселесін шешуге үлкен септігін тигізетінін айтты. Сонымен қатар, бұл тұрғындардың көптен күткен тілегі екенін атап өтіп, жұмыстың сапасы мен мерзіміне ерекше мән беру қажеттігін ескертті.
Мердігерлердің айтуынша, бүгінгі таңда каналдың 3,5 шақырымы жаңғыртылып, пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта сол бөлігі арқылы шаруаларға су жіберілуде. Бүгінде канал 900 гектар алқапты суаруға мүмкіндік берсе, жұмыстар толық аяқталғаннан кейін 2000 гектар жерді суаруға қауқарлы болмақ.
Бегзат Сейсенқұлұлы бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Ж.ДОСОВ