⚜️ «КИЕЛІ ҚОРДАЙЫМ» ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ ⚜️
Бүгін аудандық музейдің Отар ауылдық тарихи-өлкетану үйірмесінің ұйымдастыруымен Қордай өңірінен шыққан әйгілі би, шешен Кебекбай Байторыұлының ескерткішіне «Киелі Қордайым» атты танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсияға «Ләйсән» балабақшасының «Еркем-ай» мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері қатысты. Шараның басты мақсаты жас ұрпаққа туған өлкенің тарихын таныстыру, Кебекбай шешеннің елге сіңірген еңбегін насихаттау, балалардың бойына отансүйгіштік, елжандылық, үлкенді құрметтеу қасиеттерін қалыптастыру болды. Экскурсия барысында бүлдіршіндерге Кебекбай Байторыұлының өмірі мен тарихтағы орны туралы мәлімет берілді. Ол 1800 жылы Мәтібұлақ жерінде дүниеге келіп, 1887 жылы қайтыс болған. Ел ішінде әділдігімен, батылдығымен, шешендігімен танылып, халық арасында зор беделге ие болған. Жер дауы, жесір дауы, құн дауы секілді күрделі мәселелерді әділ шешіп, ел арасындағы татулық пен бірлікті сақтауға үлес қосқан. Кебекбай шешеннің есімі Бөлтірік шешен, Ноғайбай би, Малдыбай би, Тілеміс шешен секілді елге танымал тұлғалармен қатар аталады. Оның Ноғайбай биге ұстаздық жасағаны жөнінде де ел аузында көптеген әңгімелер сақталған. Сондай-ақ Кебекбайдың Бөлтірік шешенмен бірге үлкен ел дауларына қатысқаны туралы тарихи деректер бар. Кебекбай шешеннің есімі Қордайдың ұлы перзенті, халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың шығармашылығында да ерекше орын алады. Ақынның «Кебекбайдың келбеті» атты шығармасы бар. 1968 жылы Кенен Әзірбаевтың бастамасымен Кебекбай шешеннің бейітіне құлпытас қойылып, 1998 жылы кесене тұрғызылған.
Кебекбай шешенге арналған ескерткіш Отар ауылында, вокзалға қарсы алаңда орналасқан. 2007 жылы тұрғызылған ескерткіш бетоннан жасалып, мыстан құйылған мүсін биіктігі 2 метр гранит тұғырға орнатылған. Кебекбай шешен қолында қамшы ұстаған бейнеде сомдалған. Тұғырда «Кебекбай шешен» деген жазу бар. Экскурсияда бүлдіршіндер Кебекбай шешеннің ескерткішімен танысып, тарихи тұлғаның ел бірлігі мен әділдік жолындағы еңбегі туралы жаңа мәліметтер алды. Балалар туған өлкенің тарихына қызығушылық танытып, тағылымды экскурсиядан ерекше әсермен қайтты.