2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Бұл маңызды оқиға еліміздің құқықтық жүйесінде тың дәуірдің басталуын білдіреді және мемлекеттік құрылымның, азаматтар құқықтары мен бостандықтарының жаңаша көзқараспен реттелуін қамтамасыз етеді. Осы тарихи кезеңге орай, Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігіне қарасты 21450 әскери бөлімінің мәдени орталығында арнайы жиын ұйымдастырылды.
Жиынға офицерлер, келісім шарт бойынша әскери қызметшілер және жас сарбаздар қатысып, жаңа Ата заңның маңыздылығы мен оның еліміздің болашағына тигізетін әсері туралы кеңінен мәлімет алды. Іс-шараға Қордай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтай, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, аудандық ақсақалдар алқасының өкілі Мықтыбек Алтыбай, сондай-ақ «Отечество» слаян этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко қатысты. Олардың әрқайсысы жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін ашып айтып, қоғам мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға күш жұмсады.
Жиында жаңа Конституцияның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, мемлекеттік биліктің тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтуға бағытталған өзгерістері айрықша назарға алынды. Құжатта азаматтардың әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарының қорғалуы тиісті деңгейде қамтамасыз етіліп, заң алдында бірдейлік принципі анық және нақты көрсетілген. Бұл өз кезегінде, әскери қызметшілердің құқықтық мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік кепілдіктері мен міндеттерін жаңа заман талабына сай қайта қарауға мүмкіндік туғызады.
Сонымен қатар, жиында аудан өкілдері Конституцияның ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласына қатысты тұстарын кеңінен талқылады. Қорғаныс саласының қызметкерлері үшін бұл маңызды жаңалықтардың барлығы қызметтік тәртіп пен әскери борышты атқаруда қосымша құқықтық негізді қалыптастырады. Жаңа заң аясында әскери қызметшілердің құқықтары мен жауапкершілігі, олардың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелері ерекше орын алғаны айтылды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтай жаңа Конституцияның елдің тұрақтылығы мен дамуына, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға бағытталғанын нақтылап, бұл маңызды құжаттың әрбір азаматтың өмірінде, әсіресе қорғаныс күштерінің жұмысында үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Ал аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков мемлекет пен қоғамның мызғымас негізі болып табылатын Конституцияның жаңа нормаларының әлеуметтік келісім мен құқықтық тәртіпті нығайтатынын баса айтты.
Сонымен бірге, Мықтыбек Алтыбай мен Любовь Харченко жаңа Конституцияның этникалық және мәдени әртүрлілікті қолдауға бағытталған баптарына ерекше мән берді. Олар Қазақстанның көпұлтты қоғам ретінде дамуында бұл құжаттың ұлттар арасындағы келісім мен ынтымақтастықты күшейтуге зор үлес қосатынын түйіндеді.
Жаңа Конституция Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңді белгілеп, мемлекеттің құқықтық негізін жаңғыртты. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдегі бұл жиын жаңа заңнаманың мазмұнын терең түсініп, оны әскери қызметтің әрбір деңгейінде дұрыс жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде есте қалды. Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының басты кепілі саналатын аға ұрпақ пен жас сарбаздардың жаңа Ата заңға деген құрметі мен ұғынуы – еліміздің жарқын болашағының маңызды тірегі.
Ә.Дүйсенұлы