AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Kraken халықаралық криптоплатформасының тең бас атқарушы директоры Дэвид Риплидің кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар цифрлық активтер нарығын дамыту перспективаларын, заманауи қаржылық технологияларды енгізуді, реттеу тәсілдерін жетілдіруді, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық экономикасында халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға және блокчейн-технологияларды енгізуге бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тағы бір маңызды оқиға – Kraken компаниясының «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау (In-Principle Approval) алуы болды.
Аталған мақұлдау лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады және белгіленген талаптар орындалғаннан кейін компанияның АХҚО-ның реттелетін юрисдикциясында қызметін бастауына алғышарттар жасайды.
Алдын ала мақұлдаудың алынуы ірі халықаралық криптоплатформалардың бірінің Қазақстан нарығына шығуға мүдделі екенін растайды және елдегі цифрлық активтер индустриясын одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қол қойылған Меморандум цифрлық активтерді реттеуді жетілдіру, цифрлық қаржы нарығын дамыту, дәстүрлі банк инфрақұрылымын цифрлық активтер нарығымен интеграциялау, блокчейн-технологияларды енгізу, сондай-ақ білім беру бастамаларын іске асыру және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды көздейді.
Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі ұстанымын нығайту және цифрлық активтер индустриясының жетекші халықаралық қатысушыларын тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында АХҚО-мен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады.