Мүгедектігі бар тұлғалар үшін жағдайларды қамтамасыз ету

0

Тақырып аясында Қордай аудандық сайлау комиссия төрағасы А.Сырлыбаев жауап берді.

Асылбек Туреханович, сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау қаншалықты маңызды?

— Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толыққанды іске асыруы – сайлау процесінің маңызды бағыттарының бірі. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын ешқандай кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік алуы тиіс. Сондықтан Қордай ауданындағы сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.

Қордай ауданындағы сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

— Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларымен бірлесіп, сайлау учаскелеріндегі жағдайды зерделеп, қажетті шараларды ұйымдастыруда. Атап айтқанда, ғимаратқа кіріп-шығудың қолжетімділігі, пандустардың болуы, арнайы автотұрақ орындары, шақыру батырмалары және басқа да қажетті жағдайлар назарға алынады.

Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді болуы қамтамасыз етілуі тиіс.

Қолжетімді ортаны қалыптастыруда қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықтың маңызы қандай?

— Жыл басында Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы жанынан мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына сайлау учаскелерінің мүшелері мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енгізілді. 2026 жылдың 12 тамызында аудан аумағындағы бірқатар сайлау учаскелерінің қолжетімділігін зерделеу мақсатында аралау жұмыстарын жүргізді.

Мүгедектігі бар азаматтардың қандай санаттарына ерекше жағдай жасау көзделген?

— Ерекше жағдайлар үш негізгі санаттағы сайлаушылар үшін қарастырылады. Олар – есту қабілеті бұзылған, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған азаматтар.

Бұл ретте әр санаттың қажеттілігі ескерілуі керек. Мысалы, көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін ақпараттың қолжетімді формалары мен тактильді бағыттағыштардың болуы маңызды болса, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін ғимаратқа кедергісіз кіру мүмкіндігі маңызды.

Сайлау учаскелерінде қандай арнайы құралдар қарастырылған?

— Сайлау учаскелерінің мүмкіндігінше бірінші қабатта орналасуы, пандустармен немесе көтергіш құрылғылармен жабдықталуы, тактильді бағыттағыштардың, кіреберістегі шақыру батырмаларының және арнайы автотұрақ орындарының болуы қарастырылады. Мұндай жағдайлар азаматтардың сайлау учаскесіне өздігінен немесе қажетті көмекті пайдалана отырып келуіне мүмкіндік береді.

Сайлау комиссияларының мүшелері бұл бағытта дайындықтан өте ме?

— Иә. Сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға және практикалық дайындығына ерекше мән беріледі. Оқыту барысында дауыс беру кезінде туындайтын түрлі жағдайлар талқыланып, комиссия мүшелеріне нақты алгоритмдер түсіндіріледі. Қордай ауданында да учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен оқыту семинарлары өткізіліп келеді.

Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын жағдайлары да кездеседі. Мұндай жағдайда не істеледі?

— Заңнамада көзделген тәртіппен азаматтың сайлау құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік беріледі. Егер сайлаушы денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын болса, оның дауыс беру құқығын іске асырудың заңда белгіленген тәртібі бар. Мұндай өтініштер учаскелік сайлау комиссиясы тарапынан белгіленген талаптарға сәйкес қаралады.

Сұхбатымыздың соңында мүгедектігі бар азаматтарға қандай тілек айтар едіңіз?

— Сайлау – әр азаматтың ел болашағына өз үлесін қосатын маңызды қоғамдық процесс. Сондықтан мүгедектігі бар азаматтардың да сайлау құқықтарын толық пайдалануына барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс.

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы өз құзыреті шегінде бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береді. Әр азаматтың дауысы маңызды, әр азаматтың таңдауы құрметке лайық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.