«МАҚСАТЫМЫЗ – БІЛІКТІ МАМАН ДАЯРЛАУ»

0

Жастарға кәсіптік білім беру, нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарға оқыту – білім саласының басты бағыттарының бірі. Расында, бүгінгі таңда техникалық мамандықтардың айы оңынан туып тұр. Өйткені, ел экономикасының дамуы өндіріс орындарының білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Сондықтан, техникалық және кәсіптік білім беру бағытына ерекше ден қойылып, оның қолжетімді болуына көп көңіл бөлінуде.

Ауданымыздағы «Қордай аудандық техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығы» он жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеді. Жастардың жан-жақты дамуына, сұранысқа ие мамандықты игеріп шығуына атсалысып жатқан білім мекемесіне жақында арнайы барған едік. Орталықтың жұмысы, бүгінгі жай-күйі мен жаңалықтары жайында бізге директоры Еркін Тулеуов айтып берді. «2012 жылға дейін мекеме «Мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты» деп аталатын. 2012 жылы «Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығы» болып өзгертілді. Бізде 10-11 сынып оқушылары және колледж студенттері «Аспазшы», «Жас кондитер», «Жас даяршы», «Автоэлектрик», «Тігін ісі», «Шаштараз» мамандықтары бойынша білім алады. Оқу бітірерде диплом жұмысын қорғап, мамандық алғанын растайтын куәлік алып шығады. Бұдан бөлек, орталықта «Шебер қолдар», «Робототехника», «Ағаш ою», «Автоүлгілеу», «Кемеүлгілеу», «Авиаүлгілеу», «Сиқырлы ілмек», «Сөз өнері» сынды үйірмелер бар. Биыл 925 оқушыны қамтыдық, барлығы 65 топ бітіріп жатыр. Біздің мақсатымыз – оқушыларымызға ғылымның түрлі саласымен байланыстыра отырып, кәсіби, техникалық сапалы білім беру, жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеу. Осы ретте ұлттық құндылықтарымызды да ұмыт қалдырмаймыз. Білімгерлеріміз «Аспаз ісі» үйірмесінде ұлттық тағамдарымызды дайындаса, «Тігін ісі» үйірмесінде қазақы нақыштағы киімдерімізді тігеді, «Қолөнер» үйірмесінде халқымыздың күнделікті тұрмыста қолданған ұлттық бұйымдарын тоқиды. Сондай-ақ, былтырдан бастап «Бизнес инкубатор» жобасы аясында жұмыс істеудеміз. Мәселен, «Жас кондитер» үйірмесінің оқушылары жоба аясында аудан орталығындағы кондитерлік цехтардың біріне барып, тәжірибе алмасып, кондитер мамандығының қыр-сырымен тереңірек танысуға мүмкіндік алуда»,-дейді орталық директоры.
Білім мекемесінің ішін аралап жүріп ең алдымен «Шебер қолдар» кабинетіне кірдік. Кабинеттің қабырғасына жас қолөнершілердің керемет туындылары ілулі тұр. Олардың әрқайсысының өз тарихы, терең мәні бар. Бір-біріне ұқсамайтын көздің жауын алар бұйымдар әртүрлі техникада – бірі жүннен, бірі майлық қағаздан, енді біреуі матадан, тіпті инесіз құрақ құру әдісімен жасалған. Біз барғанда қолөнерші оқушылар су моншақтан браслет дайындау үстінде екен. «Шебер қол» үйірмесінде қолөнер бұйымдарын жасаймыз, гобелен, түкті кілемдер тоқимыз, пластик бөтелкелердің өзін кәдеге жаратамыз»,-дейді үйірме педагогы Тлеулес Абишева.
Осыдан кейін «Жас кондитерлердің» өнерін тамашаладық. Қызу жұмыс істеп жатқан қыздар қазіргі таңда трендке айналған «шоколадтағы финиктерді» әзірлеудің әдісін айтып берді. Бұдан бөлек, оқушылар үлкен сұранысқа ие торт түрлерін, прәндіктерді дайындауды әрі оларды әдемі етіп сәндеуді үйренген. «Үйірмеге тек қыздар ғана емес, ұлдар да қатысады. Оқушыларымыз сабаққа үлкен қызығушылықпен келеді. Біз оларға кондитерлік істің қыр-сырын барынша үйретуге тырысамыз. Қазірдің өзінде тапсырысқа торт пісіріп, кішігірім кәсібін жүргізіп жатқан оқушыларымыз бар. Тағы бір айта кететіні, бұл жерде балалар бір кондитерлік өнім дайындауға қанша азық-түлік кеткенін өздері есептеп, қаржылық сауаттылыққа да үйренеді»,-дейді үйірме жетекшісі Майра Талмұханбетова.
«Өзім кондитерлікке қызығамын, тәтті тағамдар мен торттар дайындағанды ұнатамын. Оларды жасай білу үшін аспаздық негіздерді білу керек. Сондықтан «Жас кондитер» үйірмесіне келдім. Осында кондитер мамандығын игеріп, болашақта кәсіп ашуға да мүмкіндік мол»,-дейді үйірме оқушысы Айжан Омарқұл.
Тағы бір кабинетте мектеп оқушылары гипстен жинақ сандықшаларын жасап жатыр екен. «Алдымен гипс пен суды араластырып, қоспаны дайын қалыпқа құямыз. Одан кейін гипстің қатуын күтеміз. Ол 10-15 минутта-ақ жылдам қатады. Сосын қалыпты жайлап алып тастаймыз. Осылайша, біздің жинақ сандықшамыз дайын болады»,-деп жұмыс барысын түсіндірді. Бұл – «Сиқырлы ілмек» үйірмесінің оқушылары. Үйірменің тағы бір қатысушысы Малика Сәрсенбек өз қолдарымен ілмекпен тоқыған ұлттық нақыштағы бұйымдарды, қос өрімді қазақ қуыршақтарын көрсетті. Бұдан бөлек, «Шаштараз», «Тігін ісі», «Автоэлектрик» кабинеттерін де аралап шықтық. Бұл кабинеттердің барлығы қажетті құралдармен толық жабдықталған. Мұнда оқушылар дүйсенбі және сәрсенбі күндері аптасына екі рет келеді. Сабақ кестесі әртүрлі болғандықтан біз барған күні, өкінішке қарай, кейбір үйірменің оқушыларымен жүздесе алмадық.
«Шәкірт – ұстаз айнасы» демекші, ұстаздың еңбегі оқушысының жетістігімен өлшенетіні белгілі. Біз сөз қылып отырған орталық оқушыларының бағындырған белестері аз емес. «Dreamfest», «Ақ көгершін», «Ұлы дала рухы» халықаралық байқауларында жеңіске жетіп, «Ғажайып өнер әлемі» атты халықаралық фестивалінде «Тігін ісі» мамандығының оқушылары «Ұлттық нақыштағы сахналық киім үлгісі» номинациясы бойынша жүлделі 1-орынды иеленген. Бұдан бөлек орталықтың дарынды жастары бірқатар республикалық, облыстық сайыстарда да үздіктер қатарынан табылуда.
Мұндай ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетуіне оқушылардың қарым-қабілетімен қатар, оларға бағыт-бағдар беріп, аянбай тер төгіп жүрген ұстаздарының үлесі зор. Орталықта Ләззат Толеуова, Майра Талмұханбетова, Эльмира Коконбаева, Тлеулес Абишева сынды тәжірибелі, білікті ұстаздар қызмет етеді.
«Біз әр баланың өмірде өз орнын тауып, бір-бір кірпіш болып қалануын тілейміз, олардың жеткен жетістіктерімен мақтанамыз. Осында белгілі бір кәсіпті меңгерген оқушыларымыз мектеп бітірген соң дәл сол мамандық бойынша оқу орнына түсіп жатады. Мәселен, «Тігін ісі» үйірмесін бітірген қыздарымыздың ішінде Алматы қаласындағы «Сымбат» сән колледжіне түскендері бар. Бір жолы осында оқып кеткен оқушымды кездестіріп қалдым. Ол «Шаштараз» үйірмесінде оқитын. Мектеп бітірген соң сол мамандық бойынша жұмысқа тұрып, қазір Мәскеуде ірі сұлулық салондарының бірінде шаштараз болып жұмыс істеп жүр екен. Осындай түлектерімізді көріп бір марқайып қаламыз»,-дейді Еркін Өксікбайұлы.
Аудандық техникалық-шығармашылық орталығы биылғы оқу жылын ойдағыдай аяқтауда. Бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлауға үлес қосып жатқан іргелі орталық алдағы оқу жылына да зор дайындықпен келіп, жас ұрпаққа сапалы білім-тәрбие берудегі жетістікке толы жолын жалғастыра бермек.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.