Президент Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатында сөз сөйледі.
«Барыс Арена» стадионында ұйымдастырылған іс-шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және басқа да ресми тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.
Мемлекет басшысы спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тапқан турнир баршаға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндесетінін айтты.
– Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр. Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спортшыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен жаттықтырушыларға, тиісті мамандарға, еріктілерге және осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.