МЕМЛЕКЕТ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында заң үстемдігін қамтамасыз ету мен қоғамда тәртіп қағидатын орнықтыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент атап өткендей, «Заң мен тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстанды құрудың басты негіздерінің бірі.

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізетін, қоғамның мемлекетке деген сенімін әлсірететін келеңсіз құбылыс. Сондықтан оған қарсы іс-қимыл жүргізу мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Осы бағытта Қордай ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен адалдығын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Аудан әкімдігі жанынан құрылған ақпараттық-үгіт насихат штабы арқылы елді мекен тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар аудандық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жемқорлыққа қарсы бағыттағы ақпараттық материалдар мен үндеулер жариялануда.

Мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жадынамалар орналастырылып, азаматтарға арналған 1424 сенім телефоны туралы мәліметтер жаңартылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларын сақтау, қызметтік міндеттерді адал атқару және заң талаптарын қатаң сақтау бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға да басымдық берілуде. Жастар ресурстық орталығы тарапынан құқықтық сауаттылықты арттыру, рухани-адамгершілік тәрбие беру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Бұдан бөлек, аудан бойынша ауылдық округтер мен бөлімдерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижелері тиісті ақпараттық жүйелерге енгізілуде. Бұл жұмыстар мемлекеттік басқару жүйесінің ашық-тығын арттыруға және тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және адалдық қағидаттарын ұстану арқылы ғана біз әділетті әрі дамыған қоғам қалыптастыра аламыз.

Бегзат БОЛАТБЕКОВ, Қордай ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.