ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР

0

Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов облыстық және республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадалары жеңімпаздарымен жүлдегерлерін марапаттады.

Шарада, республикалық 5-6, 7-8, 9-11 сынып оқушыларына арналған пән олимпиадалары сонымен қатар, басқа да атаулы олимпиадалардың облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға 55 лауреат, атап айтқанда, 5 алтын, 13 күміс және 37 қола медаль иегері шақырылды. Сондай-ақ, терең білімімен ерекшеленген 19 оқушы марапатталды.

«Бүгінгі жеңімпаздар – ертеңгі ел үміті. Сіздерге артылар жүктің жауапкершілігін сезініп, алға қарай қадам басуда ата-аналар мен ұстаздар сенімін ақтайды деп ойлаймын. Оқудағы бастамаларыңыз оңынан болсын!», — деді Ғалым Бекмұрзаұлы.

Білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымы да назардан тыс қалмады. Келесі кезекте, «Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитеті» филиалы төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева ортаға шақырылды.

«Қадірлі ұстаздар, құрметті оқушылар! Бүгін біз білім саласындағы маңызды шаралардың бірі – пәндік олимпиаданың қорытынды марапаттау кешіне жиналып отырмыз. Бұл кеш – білімнің, еңбекқорлықтың, табандылықтың және шығармашылықтың жеңісі», — деп атап өткен Қарлығаш Қанатбекқызы, білім беру саласының дамуына қосқан зор үлесі, жоғары кәсіби шеберлігі және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жетістіктері үшін, бірқатар ұстазға «Құрмет» грамотасын табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.