Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров жұмыс сапарымен Қордай ауданына келді. Аудан әкімі Бегзат Болатбековпен бірге ол маңызды көлік инфрақұрылымы нысандарының бірі – Отар теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, вокзалды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар 2025 жылдың мамыр айында басталған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – жолаушыларға заманауи әрі жайлы жағдай жасау, сондай-ақ аудан тұрғындары мен қонақтарына көрсетілетін қызмет сапасын арттыру.
Қазіргі таңда нысандағы қайта жаңғырту жұмыстарын «L-Вита Темп Stroy» ЖШС жүргізуде. Компания өкілдерінің мәліметінше, құрылыс алаңында күн сайын шамамен 28 маман еңбек етуде. Бүгінде нысанда монолиттік жұмыстар атқарылып, келесі құрылыс кезеңдеріне дайындық басталған.
Нысанды аралау барысында Нұржан Календеров құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысып, мердігер компания өкілдерімен құрылыс нормаларын сақтау және орындалып жатқан жұмыстардың сапасы мәселелерін талқылады. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтып, қайта жаңғырту жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын сақтау, құрылыс конструкцияларының беріктігі мен нысанның заманауи талаптарға сәйкестігі мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.
Қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Отар станциясы тек маңызды теміржол торабы ғана емес, жолаушылар үшін заманауи, қолайлы әрі жайлы нысанға айналады деп күтілуде. Жаңартылған вокзал пойыз күтуге қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету деңгейін арттырып, Қордай ауданының тағы бір көрнекті нысанына айналмақ.
Қордай ауданы әкімінің баспасөз қызметі