Рәпия Халыққызының атындағы кабинет-музей

0

Өткен сенбіде Кенен ауылдық мәдениет үйінде қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик әйел, КСРО Кинематография үздігі, Құрмет, Октбярь революциясы ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының Құрметті киномеханигі Рәпия Халыққызының атындағы кабинет-музей ашылды.

Қырық жыл жерлестерін кино деген көркем өнермен сусындатқан ардақты жанның атындағы музей-кабинеттің ашылуына аудан басшылығы, қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты. Рәпия Халыққызының ұлы, белгілі журналист Ақын Ордабайұлының тікелей мұрындық болуымен іске асқан шара көптің көңілінен шықты. Кабинет лентасын салтанатты түрде аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет қиған соң, ауыл әжелері дәстүрге сай шашу шашып, одан соң келген қонақтарға ондағы экспонаттар туралы түсініктеме берілді. Кабинетте Рәпия Халыққызының қолмен салынған портреті бірден көз тартады, ал сол портрет астында өзі жұмыс істеген ескі киноаппарат орын теуіпті. Анадай бұрышта әр жылдарда жұмыс барысында, марапат алу сәтінде түскен суреттері, алған грамоталары мен мақтау қағаздарына да орын берілген. Рәпия Халыққызының өмірлік серігі болған Ордабай Сәдібеков ақсақалға да кабинеттен бір бұрыш арналыпты. Ұлы Отан соғысы ардагері, соғыстан кейін бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған жанның орден-медальдары,  жарқыраған суреттер көздің жауын алады.

Ашылу салтанатына арнайы келген мәртебелі қонақтар музейдің ішін аралап көріп, қойылған әрбір фото архив пен құнды жәдігерлерді назарға алып, үлкен әсермен шықты. Сосын жиналған қауым мәдениет үйінің орталық залында шараның екінші бөлімін тамашалады. Мерекелік шара  80-ші жылдары «Қазақфильм» түсірген «Рәпия» атты деректі фильмді тамашалаумен басталды. Р.Халыққызының өмір жолы турасында жарасымды жасалған слайдтар да көрсетілді. Тіпті өткен күнді еске түсірген бейне фильмдегі өздерінің қылшылдаған жас кездерін көрген кейбір ауылдың аға-апалары сағынышпен көздеріне жас алып отырды.

Алғашқы құттықтауға шыққан аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы аудан әкімі Бегзат Болатбековтың ыстық сәлемін жеткізіп, бүгін ашылған мұражай  ауданның тарихи қорын құнды дүниелермен толықтырғаны жайында сөз етіп, болашақ ұрпақ үшін мұндай шаралардың мәні зор екенін айтты. Мәдениет үйі қызметкерлерінің әдемі әні мен мың бұралған биімен әспеттелген жиында алыстан келген азаматтар құттықтаулар легіне қосылды.

«Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев Рәпия Халыққызы тегі айтып тұрғандай нағыз халық қызына айналғанын айтып өтсе, ҚР Ғылым академиясы қауіпсіздік қызметінің басшысы, полковник Сайфутдин Шамсутдинов, Қазақстан Кітап палатасының редакторы, белгілі журналист Нұрымжан Мауыт және елге танымал ардагер фотограф Қуантқан Сапаровтар Рәпия ананың қолынан дәм татып, ғибратқа толы әңгімелерін тыңдағандарын сөз етіп, осындай қуанышты шараның куәсі болып отырғандарына ризашылықтарын білдірді.  Сонымен қатар, 20 жылдай киномеханик Рәпия Халыққызының жанында жүріп, бел шәкірті болған, қазіргі таңда зейнеткер Серік Омаров сахнада ол кісіден үйренген тәлім-тәрбиенің өміріне үлкен бағдар болғанын жеткізді. Аудандық ардагерлер атынан Біржан Әбдікерімұлы, ауыл ақсақалдары атынан төрағасы Тұрсынбек Сегізбаев бастаған ақсақалдар да жүрек жарды тілектерін жеткізді. Ауыл азаматы Ерлан Бүрбаев жырдан шашу шашты. Салтанатты шараны қорытындылаған Ақын Ордабайұлы кабинет-музейдің ашылуына ықпал етіп, көмегін аямаған жандарға алғысын білдірді.

Бар ғұмырын ауыл мәдениетінің өркендеуіне өзі қойған кинолары арқылы ерен еңбек сіңірген ардақты ана Рәпия Халыққызына арналған алғашқы игілікті іс-шара осылай мәресіне жетті. Осыдан кейін ауылдағы мейрамханалардың бірінде қонақтарға ас беріліп, Рәпия Халыққызы мен Ордабай Сәдібековтің рухына арналып Құран бағышталды.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.