Қордай ауданының Қаракемер ауылындағы мал соятын цехтарда кәмелетке толмағандарды жұмысқа тарту мәселесін зерделеу жөніндегі арнайы жұмысшы топ құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, құқық қорғау саласының, еңбек инспекциясының, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру, ветеринария және психологиялық қолдау салаларының өкілдері енді
Жұмысшы топқа аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл жетекшілік етеді. Топ құрамында Жамбыл облысы әкімдігінің балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Тимур Серік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің бас маманы Айдын Бибол, облыс әкімі аппаратының әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы Қарлығаш Салықбаева, облыстық психологиялық қолдау орталығының педагог-психологі Назгүл Қасымбекова, облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов және Қордай аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары Медетбек Біржан бар.
Бейсенбі күні жұмысшы топ Қаракемер ауылында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізді. Негізгі мақсат – кәмелетке толмағандарды заңсыз еңбекке тарту деректерінің алдын алу, балалардың құқықтарының сақталуын бақылау және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету.
Алдымен жұмысшы топ мүшелері ауылдағы сауда орындарын аралап, кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндірді. Атап айтқанда, 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынатыны ескертіліп, заң бұзушылықтың жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Одан кейін №54 «Келешек» мектебінде ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Басқосуда ата-аналарға балаларды еңбекке тарту кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау, олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек қатынастарында кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзуға жол бермеу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Кездесу барысында Жамбыл облысы әкімдігінің балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Иниятқызы бала құқығын қорғау – барлық мемлекеттік органның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара іс-қимыл күшейген жағдайда ғана заң талаптарының орындалуы қамтамасыз етіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуда нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Іс-шара соңында жұмысшы топ мүшелері Қаракемер ауылындағы мал соятын цехтарды аралап, онда кәмелетке толмағандардың еңбекке тартылу жағдайларын зерделеді. Мұндай профилактикалық жұмыстар балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, заңсыз еңбекке жол бермеуге және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыруға бағытталған.
Сәуле Мұхадинқызы