САХНАДА ӘЖЕЛЕР САЙЫСЫ

0

9 маусым күні Қордай аудандық Мәдениет үйінде ардагерлер кеңесі мен аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Күләш Ахметованың туғанына 80 жыл толуына орай «Ақ әжем» атты аудандық байқау өтті.

Тағылымы мол шараның басты мақсаты – отбасылық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, әже мен немере арасындағы рухани байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың өнер мен әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды. Сонымен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрін, сөз өнерін, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету қағидаларын кеңінен насихаттау көзделді.

Байқауға ауданның ауылдық округтерінен 16 әже немерелерімен бірге қатысып, өз өнерлері мен өнегелі өмір жолдарын көпшілікке таныстырды. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, әжелердің тәлім-тәрбиелік тәжірибесін сахна төрінде шебер көрсете білді. Әжелердің даналығы мен немерелердің өнері үйлесім тапқан бұл байқау көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Сайыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынап, өнерлерін, тапқырлықтарын және ұлттық құндылықтарға деген құрметтерін көрсетті. Ақ жаулықты аналарымыз бен асыл әжелеріміздің өнегелі сөздері мен өмірлік тәжірибелері жас ұрпаққа үлкен тәрбие мектебі болды.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Күнбатыс-2 ауылынан қатысқан Ұлдар Минжасароваға бұйырды. І орын Қарасай ауылынан Бақыткүл Исаеваға берілді. ІІ орынды Қаракемер ауылынан Салима Ерменова мен Ауқатты ауылынан Толқын Мамбетова иеленді. Ал ІІІ орын Кенен ауылынан Жүзімхан Шомшиева, Сұлутөр ауылынан Марьям Байзулаева және Үлкен Сұлутөр ауылынан Нурила Изтурганова табысталды.

Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар түрлі номинациялар бойынша дипломдармен, алғыс хаттармен, бағалы және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Бұл марапаттар олардың ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сақтаудағы еңбектеріне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

«Ақ әжем» байқауы – әжелердің қоғамдағы ерекше орнын айқындап, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды рөлін дәріптеген мазмұнды мәдени шара ретінде есте қалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.