САРБАЗДАР ОҚУҒА ДАЙЫН

0

Жылдағы дәстүрмен ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлау бөлімі «Күз-2023» шақырылымының 300-ден астам сарбазын қарсы алып, жауынгерлік дайындықтарын шыңдауға кірісіп кетті.

 

Мерзімді әскери қызметшілерімен негізгі оқу кезеңі басталуына арналған жиын Қордайдағы әскери қалашық аумағында өтті. Жиында сап түзеген әскерилер дәстүр бойынша Әнұран айтып, патриоттық рухты асқақтады. Кейіннен шекара басқармасы  бастығының орынбасары полковник Д.Кекілов: «Басқарма түзел, тік тұр!», деп мерзімді әскери қызметшілерді оқу кезеңінің басталуымен құттықтады. Сонымен қатар, офицерлер, сержанттар және мерзімді әскери қызметшілер атынан да сөз сөйлегендер болды.

Маңызды шараның барысында шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сайыпқырандары сарбаздардың назарына шекара бұзушыларды құрықтау операциясынан көрсетілім ұсынды. Сондай-ақ сайдың тасындай іріктелген әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрыстан тамаша өнер көрсетті.

Осыдан кейін сарбаздар алаңды бір айналып саппен жүріп өтіп, арнайы дайындалған оқу орындарына барды. Онда офицерлер сарбаздарға әскери техника, киім-кешек, жабдықтарды көрсетіп, дәріс берді.

Еркін Құдайберген

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.