Селолық советтер мен ауылдық округтердің құрылуы және қалыптасуы

0

Жоғарғы билік бұтақтары төмендегі (ауыл – селолардағы) халықтармен байланыста болып тұруы үшін партиялық жүйеден басқа жүйені де ойластырған еді. Ол – ауылдық, поселкелі жерлерде атқару органдардың өкілетті және сенімді өкілдерінің болуы болатын.

 Қордай ауданында ең алғашқы селолық кеңестік ұйым 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін  ұйымдастырыла бастаған. Оны алғаш большевик Алексей Илларионович Иваницын өз қолына алып, жұмысшылар, әскерлер мен шаруалар депутаттарының кеңесін құрып, оның алғашқы төрағасы етіп Григорий Иванович Швец – Базарныйды сайлады. Осыдан кейін ауданның басқа елді мекендерінде осындай кеңестер құрылып, тұрғындар арасында большевиктік жүйенің жаңа талаптары мен тәртібін насихаттау жұмыстары жүргізілді.

Бұл қозғалысқа 1917 жылғы қазан революциясының төңкерісі күш берді. Төңкерістен кейін сол жылғы 24 қарашадағы Кеңес Өкіметінің «Шығыс пен Ресейдің барлық мұсылман еңбекшілеріне» атты жаңадан орнаған Кеңес өкіметін қолдау туралы жолдауы сенімді бекемдей түсті.

Кеңес Өкіметі өзінің ең төменгі өкілеттілігіне жергілікті жерден шыққан большевиктер мен белсенділерді пайдаланды. Оларға аудандық партия ұйымы мен атқару комитеттерінің нұсқауы, уәкілдерінің ықпалы зор болды. Жергілікті өкілдер бай таптарымен күресті күшейтіп, олардың дүние-мүліктері мен малдарын тәркілеуге белсене атсалысты. Мұндай ұйымдар жеделдетіп, отырықшылыққа айналған елді мекендерде құрылып жатты. Алғашында Алматы облысының құрамында болған Қордай ауданында 17 селолық советтер құрылған еді.

1935 жылы Красногор ауданының құрылуына байланысты Красногор, Горно-Никольск, Ұмтыл, Бірік, Ақтерек, Алға, Ворошилов селолық советтері Қордай ауданынан бөлінді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1939 жылғы 14 қазандағы Қаулысына сәйкес Қордай ауданы Ауқатты, Блоговещенка, Георгиевка, Қарақоңыз, Михайловка, Ново-Александровка, Успеновка, Черная речка, Сортөбе, Еңбекші селолық советтерімен қоса Алматы облысының құрамынан жаңадан құрылған Жамбыл облысының құрамына берілді.

Қазақ ССР – і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы  27 қазандағы Қаулысымен Алға селолық советі Красногор ауданынан Қордай ауданына ауыстырылды.

1950 жылғы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру шараларына сәйкес аудан аумағындағы кейбір селолық советтер де реформаланды. Мәселен, Ново-Александровка селолық советі Қарақоңыз селолық советіне қосылып (1954 жылғы 12 шілдеде) Қарақоңыз селолық советі атанды. Сол жылы Лубзавод поселкелік  советі – селолық құқығына ие болды. Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиуымының 1957 жылғы 26 қыркүйектегі Қаулысына сәйкес (Красногор ауданының таратылуына байланысты) Ақтерек, Бірік, Ворошилов, Красногор, Красный Октябрь және Ұмтыл селолық советтері Қордай ауданына беріліп, аудан орталығы Георгиевка болып қала берді.

1958 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақ ССР – і Жоғарғы Кеңесі Президиуымының қаулысына сәйкес Ворошилов және Красный Октябрь, Георгиевка мен Бірік селолық советтері біріктіріліп, аудан бойынша селолық советтер саны екіге азайды.

Ауылдық советтерді қысқарту немесе біріктіру мұнымен тоқтаған жоқ. Оның да өзіндік себептері мен салдары бар еді. Біріншіден, әлі де болса мемлекет қаржысы толық жетіспей, қызметкерлерді айлықпен тұрақты қамтамасыздандыру күрделі мәселе болып тұрды. Екіншіден, сол кезеңдердегі шаруашылықтар мен өндіріс орындарының және елді мекендердің орналасуы, жол қатынасы сияқты көптеген факторлар рөл ойнады. Мұндай біріктірулер, жасыратыны жоқ, жоғарғы органдарға тиімді болғанымен, жергілікті тұрғылықты халыққа тиімсіз еді. Өйткені, ауылдық кеңесте қандай да бір тіршілігі мен шаруасын шешу үшін жолға шығып, көлік тосып жұрт шуап жүрді. Соның бір айғағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиуымының 1960 жылғы 27 мамырдағы Красногор және Красный Октябрь селолық советтерін біріктіріп, орталығын Красногор ауылы етіп белгілеу еді. Алыстағы тау қойнауында жатқан Ворошилов ауылының тұрғындарына ауылдық совет бұрынғыдан да алыстай түсті. Осындай реформалардың нәтижесінде көптеген тау қойнауларындағы Ново-Александровка сияқты шағын ауыл тұрғындары өз мекендерін тастап, орталыққа қарай көше бастады. Мұның аяғы тұрғындары азайған ауылға әлеуметтік жағдайлар туғызу нашарлап, мәдениет ошақтарының жұмысы әлсіреп, мектептердің жабылуына әкеліп соқты.

Республикамыздың Жоғарғы Кеңесі Президиуымының 1964 жылғы 22 тамыздағы қаулысына сәйкес «Ақтерек» селолық советі Алматы облысына берілді.

1973 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының аумағында қайтадан Красногор ауданы құрылып, оның құрамына Алға, Красногор, Сарыбұлақ, Ұмтыл селолық советтерімен бірге Отар, Гвардейский және Қордай поселкелік советтері берілді. Сондай – ақ, аудан елді мекендеріндегі халықтар санының өсуіне байланысты Қасық (10.06.1975 ж.), Қаракемер және Рисороб (30.12.1975 ж.) селолық советтері құрылды.

Ал 1988 жылдың 9 шілдеде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиуымы Красногор ауданын қайта таратты. Оның қарамағындағы барлық әкімшілік органдар Қордай ауданына біріктірілді. Қоғамдағы түрлі өзерістерге, селолық советтердің орналасуына қарай жоғарғы органдардың тиісті шешімдерімен бұрыннан келе жатқан селолық советтердің атаулары да өзгерді. Мысалы, Қарақоңыз селолық советі – Масанчи (1965 ж. 30 шілде.), Ұмтыл – Кенен (26.05.1983 ж.), Малоархангельск – Сұлутөр (21.02.1992 ж.), Алға – Ырғайты,  Черная речка – Қарасу (01.10.1993 ж.), Красногор – Үлкен Сұлутөр, Михайловка – Қарасай, Рисороб – Сарыбұлақ, Успеновка – Бетқайнар (16.03.1993 ж.) селолық советтері болып өзгертілді.

Халқымыздың ғасырлар бойы зарыға күткен тәуелсіздік таңының атуына байланысты, жергілікті атқарушы органдардың талабына сәйкес Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссияның 1993 жылғы 4 мамырдағы шешімімен ендігі жерде аудан атауы орыс тілінде жазылғанда бұрынғыдай «Курдай» емес «Кордай» деп жазылатын болды.

Сөйтіп, Қордай ауданы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел мен жердің, әкімшілік органдардың атауын мүмкіндігінше мемлекеттік тілге бейімдеп, аға ұрпақтардың атап кеткен тарихи атауларын енгізіп, алға қарай қадам басты.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.