ШӨМІШТІҢ ТАРИХЫ

0

Ауданның суландыру жүйесінің бастауы болып табылатын Қордай ауылының Шөміш мөлтек ауданында орналасқан Шөміш плотинасын салу жобасын жасау және оны зерттеу жұмыстарын 1910 жылы профессор В.А. Васильев бастаған. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл жұмыс тоқтап қалып, тек 1918 жылы қайта қолға алынды.

Осылайша, Қордай, Шу өңірінің құнарлы жерлерін суару мақсатындағы шөміш бөгетінің жобасы 1922 жылы бекітіліп, 1930 жылы құрылысы басталды. Құрылыста бар болғаны Германиядан әкелінген бір ғана экскаватор болды. Жұмыстар негізінен қолмен атқарылды. Барлық құрылыс материалдары атпен және өгізбен тасылды. Цемент ат арбалармен Ташкенттен әкелінді. Социалистік құрылыстың екпінімен 1934 жылы Шөміш плотинасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның қуаттылығы секундына 500 текше метр су өткізе алатын болды.
Осындай ерен еңбекпен, түрлі қиындықпен жасалған Шөміш плотинасы арқылы Қордай ауданында алқаптарды суғару жүйелері жылдан жылға жетілдіріліп, мезгіл өткен сайын кемшіліктер жойылып, күрделі жөндеулерден өткізіліп, бүгінгі күндері қалыпқа түскен, жүйеленген суғару саласына айналды. Әсіресе, аудандық су шаруашылығы саласы Жамбыл облыстық су шаруашылығы басқармасының қарамағына өткеннен соң бұл сала түбегейлі өзгеріске ие болды. Ауданның суландыруға бейім алқаптарына талдаулар мен зерттеулер жүргізіліп, суландырылатын жерлер қысқа мерзімде еселеп өсе бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.