ШЕКТЕН ШЫҒЫП, АШУҒА БОЙ АЛДЫРУДЫҢ ЗИЯНЫ

0

Ашу – ыза, кейіс, реніш, араздық түрінде көрініс беретін адам мінезі мен көңіл-күйінің жағдайы. Өзіне әсер еткен қолайсыз нәрселерге жауап ретінде ашулы, ызалы, кекті, қаһарлы түрде көрінеді. Ашулану – адамның көркем мінез құлқын құртып, денсаулығына зиян келтіреді. Ашудың, денедегі ең үлкен зияны жүрек пен бүйректерге келеді. Өйткені ашу денедегі қан айналым жүйесінің ауытқуына апарады. Қан тамырларының тарылуына себеп болады және қанның еркін айналуына мүмкіндік бермейді. Сол себепті жүрегі ауру адамдарға ашуланбауға кеңес беріледі. Сондай-ақ адам ашуланған кезде қанның құрамындағы қант мөлшері артады. Адамның санасын игере алмауының себебі де қан айналымының нашарлауынан болады. Сүйікті пайғамбарымыз: «Нағыз күшті, балуан, қаһарман — бәрін жеңген адам емес. Ашуланған кезде нәпсіне ие болып, ашуын жеңе білген адам нағыз балуан» деген.
Ия шынымен адам ашуланған кезінде шайтанның қолындағы ойыншыққа, оның тұтқынына айналады. Шайтан оны оп-оңай күнә істеуге итермелейді. Бір кісі пайғамбарымызға келіп: «Йа Расулаллаh! Маған бір насихат айтыңызшы, соны ұстану арқылы құтылайын», — деді. Сонда пайғамбарымыз: «Ашуланба!»- деп бұйырды. Біраз уақыттан кейін тағы да насихат сұрады. Пайғамбарымыз тағы да: «Ашуланба!» деді. Бұл адам қанша рет насихат беруін сұраса да, әр сұрағанында пайғамбарымыз оған: «Ашуланба!» деп айтты.
1. Тәкәппарлық
Адам бойында тәкәппарлық әр түрлі жағдайларда белең алады. Алла Тағала мұндай қылыққа қатаң түрде тыйым салған:
Тәкәппарлықтың түрлеріне келер болсақ, бір адамдар өзінің пікірімен ойымен тәкәппарланады. Өзінің пікірін ғана дұрыс санап, ұсыну арқылы басқа адамдардың пікірлерін негізсіз қылып тастайды. Бұл өз кезегінде басқа адамдардың оған деген наразылығын, ашуын тудырады. Енді бір адамдар өзінің шыққан тегімен тәкәппарланады. Тағы бір адамдар өзінің байлығымен киген киімі, мінген көлігімен массаттанып тәкәппарланады. Демек, тәкәппарлық ашудың тууына апаратын негізгі себептердің бірі.
2. Сөз таластыру«Ақыл-ойдың көркі – тіл,тілдің көркі – сөз»
Ж. Баласағұн
Кейбір адамдар бір затты дәлелдеу мақсатында сөз таластырады. Егер қарсылас жақ істің ақиқатына жетуді деттесе онда бұл іс құптарлық іс егер ақиқат мақсат болмаса сөз таластыруды тоқтату қажет.
«Өзінікі дұрыс болса да сөз таластыруын тоқтатса, жәннат ішінде орын алуына кепіл боламын, әзілдеп болсын өтірік айтпаса оған жәннаттың ортасынан орын алуына кепілмін, ал егер кімнің мінезі дұрысталса жәннаттың төрінен орын алуына кепіл боламын», деген. Адаммен орынсыз сөз таластыру адамның ашулануына апаратын жайттардан.
3. Орынсыз әзілдеу
Ғұлама әл-Фараби: «Сөз тапқырлық – жақсы адамшылық қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе» деу арқылы орнымен айтылған әзілдің кісі бойындағы ізгі қасиеттердің біріне жататындығын меңзейді. Әзіл өз мөлшерінде, яғни, тамаққа қосылған тұз көлеміндей болғанда ғана әңгіменің дәмін келтірмек. Артық айтылған жағдайда, тұзы көп тамақ секілді жарамсыз болып қалуы мүмкін.
4. Орынсыз сөйлеу
Алла тағаланың адам баласына берген ерекше нығметтерінің бірі – тіл. Тіл арқылы адам иманға келіп, кәлимә шәһәдәт айтып, мұсылман болса сол тіл арқылы оның ластығы себепті күнәға батады.
Алла ауруды жаратып қана қоймай оның емін де жаратқан.Ашуды емдеу жолдарына келер болсақ:
1.Шайтанға истиғаза айту
Шайтан – адамның ең үлкен жауы. Соңы үлкен өкінішке апаратын ауыр күнәларға итермелеуге қауқарлы. Сондықтан да адам өмір бойы өзінің ең зұлым жауы шайтанмен күресіп өтеді.
Пайғамбарымызбен отыр едім екі адам бірін-бірі балағаттай бастады сол кезде бірінің беті қызарып, мойын тамырлары ісініп кетті. Пайғамбарымыз айтты: «Мен бір сөз білем егер соны айтса, ашуы тарқар еді ол сөз «Ағузу билләһи минашшайтанир раджим».
2. Орын ауыстыру
Пайғамбарымыздың Әбу Зардан келген хадисінде айтты:
«Егер сендердің бірің ашулансаңдар тік тұрса отырсын, егер ашу кетпесе жантайсын». Жалпы адамның денесінің қозғалуы, иілуі ашудың тез тарқауына жол ашады. Ашуланған кезде отырып тұру ашуды кетіретін әрекет екенін айтуда.
3. Сөз таластыруды тоқтату немесе үндемеу
Үндемеу жайында Пайғамбарымыз мүбарак хадисінде: «Егер сендердің бірің ашулансаңдар үндемесін».Кез келген адам басқа адам тарапынан сөз арқылы әртүрлі жолдармен шабуыл жасалса, адам нәпсісі оған дәл солай немесе одан да асырып қайтарғанды қалап тұрады. Бірақ бұл мәселені шешудің жолы емес. Өйткені сөз таластыру әрдайым екі жаққа да сәтсіз аяқталады. Сондықтан болмашы бір мәселе үшін сөз таластырмаған дұрыс.
4. Дәрет алу немесе жуыну
Пайғамбарымыз мүбарак хадисінде айтты:
«Шын мәнінде ашу ол шайтаннан, ал шайтан болса, оттан жаратылған, отты су өшіреді. Егер сіздердің біреулерің ашуланса дәрет алсын.
Ашуланған кезде адамның жүрек қағысы жиілеп дене қызуы көтеріледі. Бұл процесті тежеу үшін тез арада дәрет алып немесе жуынған абзал.
Ашуланудың соңында тудыратын қатты өкіну сезімін, кек қайтарудың жамандығын және оңайлықпен кетпейтін ауыр нәтижелер келтіретіндігін ойлау. Яғни, ашуланған нәрсенің бір қиындық екендігін қабыл етсек, сабыр ету керек, мұның қиындығын арттырып басқа қиындықтарға жол ашпау керек. Мәселен, адам өлтіруіне, түрмеге түсуіне, отбасымен ажырасуына т.б. үлкен зияндарға ұшырауы мүмкін.
Сөз соңын Хакім Абайдың мына сөзімен аяқтағым келіп отыр: Ашу – дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос. Жоғарыдағы насихаттар мен нұсқауларға сүйене отырып, ашуымызды ақылымызға жеңдіре білсеқ, нағыз мұсылмандық көркем мінезді паш еткен боламыз. Алла біздерді сабырлылардан болуымызды нәсіп етсін!

Жамбыл облысы әкімдігі
«Дін проблемаларын
зерттеу орталығы»

Leave A Reply

Your email address will not be published.