Қордай ауданында аудандық соттың жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба сот жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға, сот төрелігін жүзеге асыруға қолайлы әрі заманауи жағдай жасауға, сондай-ақ халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Нысан құрылысы 2026 жылғы 12 маусымда басталды. Жобаның тапсырыс берушісі – «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Құрылыстың бас мердігері – «Qaz Line Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Авторлық қадағалауды «Майлыкент-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырса, техникалық қадағалау «РДК-01» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген.
Жобаны іске асыру мерзімі 11 айды құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа әкімшілік ғимарат сот төрелігін жүзеге асыруға заманауи талаптарға сай жағдай жасап, сот жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ғимарат сот қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайын қалыптастырып, сотқа жүгінетін аудан тұрғындарына сапалы әрі жайлы қызмет көрсетуге жол ашады.
Жаңа нысан Қордай ауданының әлеуметтік және әкімшілік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі болмақ.