Сыңғырла, соңғы қоңырау!

0

Сәрсенбі күні ауданымыздың барлық мектептерінде күміс қоңырау сыңғыры естіліп, салтанатты шараға жиналған жандар түлектерге сәт сапар тіледі. Айта кетсек, аудан бойынша биылғы оқу
жылында 1272 оқушы мектеп бітіріп, олардың 618-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспақ.
Осы күні Абай атындағы №3 орта мектепте ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Мәден Мұсаев, «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы, аталмыш мектептің түлегі Мұрат Құсайынов жаңа өмірге жолдама алған оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтады. Аудан басшысы өз кезегінде жас түлектерге жаңа өмірде сәттілік тілеп, ұстаздар мен ата-аналардың еңбегін атап өтсе, осы мектептен қанат қаққан Мұрат Құсайынов ұстаздар мен балақайларға жылы лебізін білдірді.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, мектеп мұғалімі – қашан да жақсылық пен ізгілікті, парасаттылық пен кемеңгерлікті, таным мен тәрбиелі өнегені дәріптеуші тұлға. Сондықтан бүгінгі күн — мұғалім үшін он бір жылғы еңбегінің нәтижесін қорытындылайтын ерекше күн. Ұстаздар қауымына табандылық пен төзімділік танытып, білімнің биік деңгейін көрсете білгендері үшін алғысымды білдіріп, балалықтың бал шағын артқа тастап, жаңа өмірдің табалдырығын аттағалы отырған түлектерге сәттi сапар тілеймін!», — деген жерлесіміз мектепке арнайы дайындаған сый-сияпатын табыс етті.
Иә, соңғы қоңырау шарасы әрбір оқушы, әрбір ұстаз, әрбір ата-ана үшін жауапты әрі қуанышты сәт. Ал, осы мезеттегі оқушылар мен ұстаздардың жүздеріндегі алаулаған шаттықты, көздеріндегі шуақты нұрды, көңілдеріндегі алабұртқан сезімді байқамау, әсте мүмкін емес. Әсіресе, еліміздің Әнұраны шырқалғанда қаз-қатар сап түзеген жоғары сынып оқушылары мен бастауыш сынып бүлдіршіндерінің оң қолдарын жүрек тұсына қойып, Әнұранды әуелете айтқаны елім деген әрбір жанның жүрегін елжіретер көрініс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.