Тәуелсіз елдің оқырман ұрпағы

0

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі — білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», — деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу — әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.
№1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» атты рухани-мәдени науқаны өз бастамасын алды. Мақсаты: оқушылар бойындағы оқырмандық ізденісті ояту және дамыту, ана тілін құрметтеу, отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру.
Байқау 30 кітапты жыл соңына дейін оқумен шектелмейді. Байқаудың мәресіне дейін жету үшін жас оқырмандар үш кезеңнен өтуі тиіс. Байқау соңында ең үздік оқырман, мектеп қамқоршылық кеңесінің мүшесі Абдурашид Мадраимов әзірлеген, арнайы сыйлықпен, спорттық велосипедпен марапатталады.
Біздің мектепте дәстүрге айналған «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Әдеби минут» атты іс-шара күнделікті жүргізіледі. Екінші сабақтан соң, үлкен үзілістің 15 минутын оқушыларымыз кітап оқуға арнайды.
Сонымен қатар мектебіміздің фойесінде оқушылардың кітаптар әлемімен етене араласуы үшін арнайы кітап сөрелері мен оқу орындары жасақталған.
Достар, «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», — деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.

Мадина АЯЗБАЕВА,
мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.