ТАМЫЗ АЙЫНДА КОРОНАВИРУС ӨРШИДІ

0

Тамыз айында коронавирус инфекциясының орташа тәуліктік көрсеткіші 4 мың жаңдайға дейін өседі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Қазіргі вирустың ерекшелігін, денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін, аурудың таралуын ескере отырып, министрлік сарапшылармен бірге эпидемиологиялық жағдайдың болжамын жасады. Оған сәйкес, тамыз айында коронавирус инфекциясының орташа тәуліктік көрсеткіші 4 мың жағдайға дейін өседі. Ал қыркүйек айында төмендейді деп болжап отырмыз», деді А.Ғиният.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда халықты вакциналау әрі ревакциналау үшін екпенің үш түрі бар. Яғни QazVac, Sinopharm, Pfizer вакциналары ұсынылып отыр.
«Жалпы 1 млн 350 мыңнан астам дозасы бар. Жылдың аяғына дейін үздіксіз иммунопрофилактиканы қамтамасыз ету үшін биылдың соңына дейін 500 мыңдай QazVac вакцинациясын алу және балалар мен жүкті әйелдерге Pfizer вакцинациясының 300 мың дозасын алу жоспарланып отыр», деді министр.
«Науқастарға керек дәрі-дәрмек жеткілікті. Ауруханаларда дәрі-дәрмектің 16 атауы бойынша екі айлық қоры қамтамасыз етілді. Ал емханалар мен амбулаторияларда 1,3 млрд теңгеден астам сомаға дәрі сатып алынып, қор жасақталды. Бұл өз кезегінде 80 мың пациентке жеткілікті», деді А. Ғиният.
Оның айтуынша, қосымша бірыңғай дистрибьютор қоймаларына 4 млрд теңгеге дәрі-дәрмек алынды.
«Министрлік дәрі-дәрмек, вакцинамен қамтамасыз етуді тұрақты бақылауында ұстап отыр», деді ведомство басшысы.
Ал, жалпы ауданымызға келер болсақ қазір жағдай тұрақты.
Аудандық орталық аурухана берген мәлімет бойынша аурухананың медперсоналы барлығына дайын. Бүгінгі күнге ауруханада 30 инфекциялық, оның ішінде 3 реанимациялық төсек-орын дайындалған. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауруды жұқтырғандарды емдеу үшін қосымша 20 орын ұйымдастырылған. Қазіргі таңда қоймада қажетті дәрі-дәрмек, 5500 бетперде, 56000 қолғап, 90000 респираторлар, 7500 жеке қорғану құралдары бар. Оған қоса аудан тұрғындарына «Pfizer» және «Казвак» вакциналарын егу жұмыстары жалғасуда.
Медицина қызметкерлері көпшілік жиналған орындарға бармауға, қажеттілігі болған жағдайда бетперде тағып, вакцинация мен ревакцинацияның толық курсын алуға кеңес береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.