Қаракемер ауылында жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосып келе жатқан «Молдасейт» спорт кешенінің 10 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға аудан және ауыл әкімдігі өкілдері, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шара спортшылар шеруімен басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Салтанатты рәсім барысында спорт кешенінің он жылдық тарихы мен жетістіктері кеңінен айтылды.
Айта кету керек, спорт кешенінің іргетасы 2014 жылдың 24 мамырында қаланып, 2016 жылдың 6 маусымында пайдалануға берілген болатын. Осы уақыт ішінде «Молдасейт» спорт кешені ауыл жастарының сүйікті мекеніне айналып, көптеген талантты спортшылардың қалыптасуына жол ашты.
Мерекелік жиында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев пен аудандық маслихат төрағасы Нұрдин Садықов құттықтау сөз сөйлеп, спорт саласының жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар, спорт кешенінің негізін қалаушы, ауылдың ардақты азаматы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қайрат Молдасейтовке ауыл ақсақалдары құрмет көрсетіп, ақ баталарын берді. Қазақтың игі дәстүрімен иығына шапан жауып, тұлпар мінгізіп, ел ықыласын білдірді.
Бүгінде спорт кешенінде спорттың алты түрі бойынша 264 спортшы тұрақты түрде жаттығып келеді. Мекеме 2024 жылдың ақпан айына дейін жекеменшік нысан ретінде жұмыс істеп, кейін мемлекеттік мекеме мәртебесіне ие болды.
Спорт кешенінің тәрбиеленушілері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Соның ішінде 2024 жылы Испанияда өткен халықаралық BOXAM Elite турнирінде топ жарып, чемпион атанған Ерхан Тұрданның жетістігі – спорт ордасының мақтанышы.
Мерейтой аясында бокс, еркін күрес, футбол және волейбол спорт түрлерінен аудандық жарыстар ұйымдастырылды. Жарыстардың мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортшылардың шеберлігін шыңдау.
Іс-шара соңында қатысушылар спорт кешенінің он жылдық белесі – өткен жолдың қорытындысы ғана емес, болашақтағы жаңа жетістіктердің бастауы екенін атап өтті. Көпшіліктің тілегі – «Молдасейт» спорт кешені алдағы уақытта да ел намысын қорғайтын чемпиондарды тәрбиелеп, ауыл спортының дамуына қызмет ете беруі.