ЖЕКЕШЕ АЙЫПТАУ ІСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

0

Жекеше айыптау істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 47 тарауында нақты көрсетілген және осы тектес iс жүргiзу тәртiбi аталған Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.
Аудандық сотқа осы тәріздес, яғни жекеше айыптау істері бойынша арыздардың көп түсуіне байланысты және көп жағдайда арызданушылардың тарапынан заң талаптарының сақталмауынан, аудан тұрғындарына өз тарапымыздан түсіндірме беруді жөн көрдік.
Жалпы қандайда бір құқықбұзушылық орын алған жағдайда азаматтар аудандық ішкі істер органына барып шағымданады. Аудандық ішкі істер органының қызметкері бұл шағым бойынша алдын ала тексеру жұмыстарын жүргізіп, кейбір шағым бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін заң талабына сәйкес аудандық сотқа жолдайды.
Аудандық соттың судьясы қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жеке айыптау тәртібімен түскен шағымды қарап, Қылмыстық-процестік кодексінің 409-бабының 1-бөлігіне сәйкес, берілген шағым осы Кодекстің 408 бабының 2 бөлігінде көрсетілген талаптарға (шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы өтiну, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәлiметтер; сотқа шақырылуы қажеттi куәлардың тiзiмi қамтылуы тиіс. Шағымға оны берген адам қол қояды. Анонимді шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды. Шағым сотқа, өздеріне қатысты жекеше айыптау iсi қозғалатын адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен бірге берiледi) сәйкес келмесе, судья оны берген адамға шағымды сол талаптарға сәйкес келтіруді ұсынады және бұл үшін мерзім белгілейді. Ал арызданушы бұл нұсқауды орындамаған жағдайда судья өзінің қаулысымен шағымды іс жүргізуге қабылдаудан бас тартады және оны берген адамды бұл туралы хабардар етеді.
Кейбір жағдайда азаматтар тарапынан өз арыз-шағымдарының ұзақ уақыт бойы өз шешімін таппай жатқаны жөнінде наразылықтар туындап жатады, оның бәрі заң білмеуден болады. Сондықтан әр азамат өзінің құқықтық білім деңгейін арттырғаны абзал.
Қ.БЕРДЕНОВ,
Қордай аудандық
сотының судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.