ЖЕР ТЕЛІМІНЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ

0

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 22-бабына сәйкес, жер учаскесіне меншік құқығы меншік құқығын табыстау, меншік құқығын беру, меншік құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы арқылы туындайды.

Сондай-ақ, жер учаскесiне меншiк құқығы мемлекеттiк органдар актiлерiнiң; азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде; Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.

Меншік құқығы мәміле жасалған кезде болған барлық міндеттемелермен бірге басқа адамға беріледі. Иелену құқығы дегеніміз — мүлікті іс жүзінде иеленуді заң жүзінде қамтамасыз ету. Меншік иесі өз мүлкін иеленіп, пайдаланумен қатар, оған билік ете алады. Меншік иесі өзінің құқығы бұзылған жағдайда пайда болған құқықбұзушылықтарды жоюды талап етуге құқылы.

Жер кодексінің 25-бабының 1 тармағына сәйкес «Жер телімінің меншік иесі мемлекеттік органдардың қандай да бір рұқсат алмай-ақ өз қалауынша жерге иелік ету, пайдалану, билік ету құқығын жүзеге асыра алады».

Жер теліміне меншік құқығы және жер пайдалану азаматтық кодексте және де басқа заң актілерінде көзделген тәртіппен қорғалады. Заңсыз иеленушінің өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін босату және мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзу жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты даулар, жер телімдерін мәжбүрлеп алып қою  жер бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың талап арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі. Осы ретте, заңда дауды сотқа дейін алдын-ала реттеудің тәртібі көзделген.

Жер теліміне құқық орнататын құжаттар талап арызға қоса берілуі тиіс. Істі сот талқылауына дайындау аясында сот тараптардың өзара қатынастарын, даулы қатынастардың пайда болған уақытын, себебін анықтау үшін тараптар даулы жер телімдеріне құқығын орнататын және сәйкестендіру құжаттарын ұсынуы қажет. Даулардың басым бөлігі  жер телімдерін босату, жер телімін пайдаланудағы кедергілерді жоюға қатысты.

Б.Тұрлыбаев, Қордай аудандық сотының судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.