ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

0

31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстан жерінде өткізіліп, халықаралық деңгейде кеңінен танылған VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті.

 

Бұл дәстүрлі дода-көшпенді халықтардың бай мәдени мұрасын дәріптеумен қатар, дала спорты түрлерін және ұлттық ойындарды насихаттайтын ауқымды халықаралық шара. Биылғы жылы әлемнің 113 мемлекетінен шамамен 3 мың спортшы қатысып, өздерінің ептілігі мен батылдығын көрсетті. Бұл жарыс көшпенділердің спорттық шеберлігімен қатар, олардың рухани бірлігін, ғасырлар бойы жалғасқан дәстүрлерін және мәдени құндылықтарын насихаттайтын көрініс ретінде ерекше әсер қалдырды.

Көшпенділер ойындары – бұл тек спорттық жарыс қана емес, оның артында терең тарихи және мәдени мән жатыр. Осы ойындар арқылы түркі халықтарының ежелгі салт-дәстүрлері, ұлттық өнерлері мен спорттық ойындары жастарға таныстырылады. Әр спорт түрінің өзіндік ерекшелігі мен ұлттық нақышы бар. Бұл ойындар көшпенділердің рухын жаңғыртып, олардың бірлігін бекемдейтін маңызды мәдени оқиғаға айналғаны сөзсіз.

Қазақстандық спортшылар бұл дода үлкен жетістіктермен есте қалды. Спортшыларымыз өздерінің шеберлігімен көзге түсіп, ел намысын абыроймен қорғады. Арнайы атап өтерлігі, Қордай ауданының тұрғыны Расул Газаевтың тұлпары командалық жорықшылар бәйгесінде бірінші орынға ие болып, Қазақстан құрамасының биік нәтижеге жетуінде өз үлесін қосты. Бұл жеңіс тек қана жеке спортшының емес, еліміздің көшпенді спорт дәстүрлерін дамытудағы және халықаралық ареналарда танытудың бір көрінісі болды. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өзімен бірге көшпенділердің рухани әрі спорттық мұрасын одан әрі кеңінен таныстырып, әлемдік деңгейде осы бағыттағы ынтымақтастық пен дамудың жаңа кезеңінің басталуына жол ашты. Жерлесімізді жеңісімен құттықтай отырып, қазақ спортының болашағына жаңа жетістіктер тілейміз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.