ЖОЛ ЖӨНДЕУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

0

Бүгінде ауданда жол салу және жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Тіршіліктің күретамыры саналатын жол тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыратыны анық. Ал аудан орталығынан қашықта орналасқан елді мекендерде тұратын халықтың жүріп тұруы үшін жолдың түзу болуы тіпті маңызды. Көлік жүргізушілерінің қуанышына орай, таяуда Қаракемер – Қарасай батыр –Еңбек ауылдарының 28,5 – 37,57 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Даланың базарын, ауылдың ажарын келтірер тақтайдай тегіс жолға табан тигізіп, игілігін көрсек деген халықтың тілегі орындалған сыңайлы. Жөндеу барысында атқарылған жұмыстармен толығырақ танысып, ақпарат алу мақсатында Қордай ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорыны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынына бас сұққан едік. Құрылыс жұмыстары мемлекеттік сатып алу шарты арқылы жүзеге асырылған. Нақтырақ айтсақ, тапсырыс беруші ретінде «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ тағайындалып, жобаның жүзеге асыратын мердігері «Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорыны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынына тапсырылған.

«Көшің көлікті болсын» деп бата береді қазақ. Ал көліктің күре жолсыз күні жоқ екені, сәйкесінше, кез келген мемлекеттің экономикасы осы инфрақұрылымсыз дами алмайтыны, көші ілгерілемейтіні рас дүние. Жол сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне, экономиканың дамуына тікелей әсер етіп қоймай, елдің әлеуметтік- саяси жай-күйінде де маңызды рөл атқарады. Көлік жолдары жақсарған сайын мемлекеттің өркендеуінің зор мүмкіндіктері ашыла түспек.

Жаңадан салынған автокөлік жолдарын күтіп ұстамаса тез тозып, бүлінеді. Бүлінген жолдарды қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген ресми ақпаратына көз салсақ, ауданымыздың автожолдарының ұзақтығы 1308 шақырымды құрайды. Оның ішінде: республикалық маңыздағы – 263 шқ, аудандық маңызы бар – 275 шқ, елді мекен көшелері – 770,6 шқ.

Бір жолды жөндеу барысында, жүк көліктері салмақты ескермей, рұқсат етілген межеден асырып, жаңадан жөнделген жолдарды бүлдіретін жағдайлар жиі орын алып жатады. Осы орайда, барша жүргізушілерді қырағы болуға, жылдамдықты да шамадан тыс асырмай, жолда жүру ережесін қатаң сақтауға және ұқыпты қарауға шақырамыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.