Қордай асуы арқылы күніне жүздеген көлік, мыңдаған жолаушы өтеді. Жол бойында алыстан менмұндалап тұрған алып жел қондырғылары кез келген адамның назарын өзіне аударады. Кейбірі ерекше көріністі суретке түсіріп, әлеуметтік желілерінде бөлісіп жатады. Алайда көпшілік бұл алып құрылғылардың сыртқы сұлулығынан бөлек, ел игілігі үшін атқарып отырған маңызды қызметін біле бермейді.
Қордай асуында үздіксіз соғатын қатты жел – жай ғана табиғаттың мінезі емес, өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін баға жетпес байлық.
Жыл он екі ай бойы желі толастамайтын Қордай асуы табиғи ерекшелігімен ежелден белгілі. Бүгінде осы табиғи мүмкіндікті тиімді пайдалану арқылы жел қуаты электр энергиясына айналдырылып, ел игілігіне қызмет етіп келеді. Алыстан көзге ерекше көрінетін алып қондырғылар – жай ғана жол бойындағы нысан емес, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жолындағы заманауи технологияның нақты көрінісі.
Соңғы жылдары Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Күннің, желдің және судың табиғи қуатын тиімді пайдалану – экологиялық таза әрі тұрақты энергетикалық жүйе қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бағытта Қордай ауданының да өзіндік орны бар.
Ауданда бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватт болатын жобасы іске қосылса, «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 30,65 мегаватт болатын жобаны жүзеге асырды. Аталған жобалар Индустрияландыру картасы мен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға ие болған.
Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 жел энергетикалық қондырғысы орнатылған. Әр қондырғының салмағы шамамен 180 тонна, ал биіктігі 70 метрге жетеді. Осындай алып құрылғылар табиғи желдің қуатын пайдаланып, жылына 50 миллион киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Жобаның тағы бір маңызды тұсы – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға қосқан үлесі. Бүгінде жел электр станцияларының жұмысын қамтамасыз етуге 22 адамға дейін тұрақты жұмыс орны құрылған.
Мамандардың айтуынша, өндірілетін электр энергиясының көлемі салыстырмалы түрде 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын толық электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Бұл – табиғаттың сыйын тиімді игерудің жарқын үлгісі. Қордайдың желі бұрын тек асудың қаталдығы мен табиғаттың мінезін танытатын құбылыс ретінде қабылданса, бүгінде ол экономикалық маңызы зор энергия көзіне айналды.
«Тасы да, тауы да алтын» деп туған жердің байлығын бекер айтпаған. Қордайдың қойнауындағы табиғи байлықтың қатарында енді оның желін де баға жетпес қазына деуге толық негіз бар. Себебі көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын жел бүгінде алып қондырғылардың көмегімен жарыққа айналып, халық игілігіне қызмет етіп жатыр.
Қордайдың желі – табиғаттың жай ғана сыйы емес, өңірдің болашағына қызмет ететін сарқылмас қуат.
Шолпан Сабанова