Басты мақсат – балалар қауіпсіздігі

0

Қордай ауданында білім беру нысандарын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде

Масаншы ауылындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы №12 мектептің оқу корпусында күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған. 1967 жылы салынған ғимаратта ұзақ уақыт бойы ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мақсатында оқу корпусын жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.

Жөндеу жұмыстары шілде айының басында басталды. Қазіргі таңда ғимараттың шатыры толық жаңартылып, терезелері мен есіктері ауыстырылды. Бұл жұмыстар оқу корпусының сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, оның қауіпсіздігі мен жылу сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жөндеу жұмыстарын «Кереге Құрылыс 2006» ЖШС жүргізуде. Жұмыстарды жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.

Шарбақты ауылындағы №36 Нығмет Сауранбаев атындағы негізгі мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Мұнда едендер жөнделіп, жылыту құбырлары мен жылыту жүйесі толығымен ауыстырылды.

Қордай ауылындағы №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында жылыту құбырларын ауыстыру жұмыстары жалғасуда.

Бірқатар мектептерде шатыр жөндеу жұмыстары да аяқталды. Атап айтқанда, Ноғайбай ауылындағы №35 Рза Кунакова атындағы орта мектеп және Қақпатас ауылындағы Мұстафа Шоқай атындағы орта мектептердің шатырларына ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Сондай-ақ, Үлкен Сұлутөр ауылындағы Манаш Қозыбаев атындағы орта мектептің шатыры да біршама жаңартылды.

Алдағы уақытта Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің шатырын жөндеу жоспарланған. Барлық жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау көзделуде.

Беріктас ауылындағы №28 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде де күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Жөндеу жұмыстарын оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. Мердігер компания «Қаратау құрылыс-2030» ЖШС-і өкілдері нысанды мерзімнен кешіктірмей өткіземіз деп отыр.

Балабақшаларда да тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Отар ауылындағы «Нұр» балабақшасының қазандығын ауыстыру жоспарланса, Қарасу ауылындағы «Балапан» балабақшасының жылыту жүйесіндегі сусорғы ауыстырылды.

Атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – жаңа оқу жылын қауіпсіз әрі жайлы жағдайда бастау және ұстаздар мен оқушыларға қолайлы орта қалыптастыру.

Мектеп – баланың білім алып қана қоймай, күн сайын бірнеше сағатын өткізетін маңызды орта. Сондықтан оқу ғимаратының жай-күйі, қауіпсіздігі мен жайлылығы – басты назардағы мәселелердің бірі. Жаңартылған оқу корпусы оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, ұстаздардың да алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік береді.

Басты мақсат – балаларға сапалы білім берумен қатар, олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету. Себебі өскелең ұрпаққа жасалған әрбір жағдай – елдің болашағына жасалған инвестиция.

Жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, жаңа оқу жылында оқушылар жаңарған, жарық әрі жайлы мектеп корпусында білім алады деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.