ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫН АЛАҢЫ

0

Қоғамдық дамудың жаһандық ақпараттандыруға бетбұрысын ескеретін болсақ, қазіргі кезде заманауи мектептердің алдында жаңа міндеттер тұр. Оның ішіндегі ең бастысы — адамдарды тұлға ретінде қалыптастыру, оған жағдай жасау. Елдің дамуы адамдардың азаматтық қоғамға белсене қатысуынсыз жүрмейтіні анық. Пікірсайыс та, адамдардың сыни ойлауын дамыта отырып, өз ойын қалыптастыруға, бір мәселеге әртүрлі жақтан қарауға үлкен септігін тигізеді. Балаларымызға да өз көзқарастарын сенімді түрде дәлелдеуге, білімді түрде пікірталастыруға, белгісіздік жағдайында саналы таңдау жасауға, кішіпейіл болуға, жаңа достар табуға және олардың әрекеттері үшін жауап беруге көмектесу — мәдени әлемнің маңызды бөлігі.

Ауданымыздың қосымша білім беру ұйымдары мен мектеп оқушыларының пікірсайыс қозғалысы 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2023-2024 оқу жылының басында аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековтың қолдауымен Қордай ауданы оқушыларының пікірсайыс турнирін тұрақты өткізу жұмыстары жүргізілді. Санат Сағынбекұлының тікелей бастамасын жүзеге асыруда балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының (директоры А. Абыкаева) ұйымдастыруымен 2023-2024 оқу жылында 4 турнир өткізілді.

Әр білім беру ұйымдарының маңдай алды үздік шәкірттері қатысқан турнирлерде дарынды, білімді, шешендік өнер арқылы даулы мәселені шешу жолдарын ұсына білетін көшбасшыларды анықтауда төрешілердің еңбегін атап өту маңызды. Мектеп ұстаздары мен қосымша білім беру педагогтерінен жасақталған тұрақты қазылар алқасы турнирдің жоғары дәрежеде өтуіне зор үлес қосты. Тұрақты өтетін турнирде А. Усенгалиева, А.Абықай, Ж. Тынышбек, А.Абдраш, Э. Туғанбаева, Ж. Игісін, Ү.Тұрлыбаев сынды педагогтердің жіті қадағалауында ойын деңгейі артып, пікірсайыс ойыншыларының ой өресі жылдам дамып келеді.

Мектеп пен қосымша білім беру мекемелерінің бетке ұстар үздік шәкірттері пікірсайыс ойындарының көрігін әр турнир сайын қыздыра түсті. Ерекше атап өтуге тұрарлық жайт, №27 орта мектеп оқушылары үнемі жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Талантты жас педагог А. Усенгалиеваның дебатты оқыту әдіс-тәсілдерінің практикада жоғары нәтиже көрсетуінің өзі болашақта барлық білім беру ұйымдарына таратылып, шарықтап дамуына көмегі тиетініне сенімдіміз.

Дебат турнирлерінің ерекшелігі сол, оқушылардың білімін сыни тұрғыдан қарсы ой-пікірін ойын барысында бағалату, сөйлеу мәдениетін, ой болжамын, теориялық тәжірибе мен коммуникативті дағдыларын практикада жүзеге асыру. Ол үшін, әрине, мәселе туғызатын қарарлардың оқушы деңгейіне сай болуы талап етіледі. Ал пікірсайыс турнирлерінің де мақсаты – ұлы тұлғаларымызды ұлықтай отырып, өнегелі өмірлерін, еліміздің дамуына үлес қосқан қайраткерлік қызметтерін үлгі ету және мектеп бағдарламалары мен педагогикалық тәрбие саласындағы білім, білік, дағдыларын дамыту.

Оқушылардың аудандық пікірсайыс турнирін тұрақты өткізу үшін БЖШО директоры А.Абыкаева мен аудандық Мәдениет үйінің директоры Е.Ханжанұлының біріккен келісімінің нәтижесінде Қордай ауылдық мәдениет үйіне (меңгерушісі Семетаев Б.) тапсырылды.

Рухани ой азығының құнарын болашақ ұрпаққа беретін зияткерлік ойын алаңы келесі оқу жылында да жалғасын таппақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.