Жыл сайын 1 қазан — Халықаралық қарттар күні елімізде ерекше құрметпен аталып өтеді. Бұл — саналы ғұмырын елдің дамуына арнаған аға буынға алғыс білдіріп, олардың еңбегін бағалап, өмірлік тәжірибесі мен өнегесін ұлықтайтын айтулы күн.
Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында еңбек ардагерлері, ақ жаулықты аналар мен елге еңбегі сіңген қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет қатысып, көп жылдық еңбегімен елге қызмет еткен ардагерлерді қабылдады.
Олардың қатарында Рахат Смағұлов, Күлмаш Нуриева, Бакир Джумаев, Зина Ақымбаева, Жайсанбек Әбдіматов, Марьям Байзулаева, Ғабдул Қырықбаев, Күлдария Бажанова, Лариса Бабешко, Дау Хурман сынды еңбек ардагерлері болды.
Жиында Нұрболат Сатымқұл аудан әкімі Бегзат Болатбековтың атынан ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету — ата-бабадан келе жатқан өшпес салтымыз. Осы орайда еліміздегі барша қарттарымызды, ақ жаулықты аналар мен абыз ақсақалдарымызды 1 қазан — Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыз — кейінгі ұрпақ үшін өмірлік бағыт-бағдар.
Еңбектеріңізге әрдайым алғысымыз шексіз. Бүгінгі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Жастан жасқа аман-есен жете беріңіздер!», — делінген құттықтауда.
Мерекелік кездесуде ардагерлерге деген ақжарма тілектер айтылып, олардың ел мен ауданның дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Қарияны құрметтеу — халқымыздың қанына сіңген қасиет. Өйткені аға буынның өнегесі мен өмірлік тәжірибесі — кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына.