«Қордай ауданының Құрметті ардагерлері» атанды

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды»,-деп атап өтіп, еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән беруді тапсырған болатын.

Бүгінде қасиетті Қордай жерінің көркеюіне атсалысып, адал еңбегімен көсегесі көгерген жандар жетерлік. Солардың бірі іскерлігімен, жомарттығымен көпке танылған жеке кәсіпкер Құндызай Мейірманова. Бейсенбі күні аудандық ардагерлер кеңесі Қақпатас ауылында көшпелі президиум отырысын өткізіп, онда Құндызай Сапарбайқызына «Қордай ауданының құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етіп, ардагерлер кеңесінің алғыс хатымен марапаттады.

Сонымен қатар, 30 жыл сауыншы болып жұмыс істеген, 15 жылдан астам уақыт аспаз болып келе жатқан Қақпатас ауылының тұрғыны Анна Ажибекованы «Қордай ауданының құрметті ардагері» төсбелгісімен және Қақпатас ауылына сіңірген еңбегі үшін ардагерлер кеңесінің алғыс хатымен марапаттады.

Келелі басқосу барысында сөз алған Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет Қақпатас ауылының еңбек ардагерлерін марапаттарымен құттықтап, саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған осындай қарапайым азаматтарды жастарға үлгі тұтудың маңыздылығын атап өтті.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.