Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 722-бабына сәйкес Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан әрі – Департамент) өз құзыреті шегінде аудит материалдары, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдардан келіп түсетін материалдар бойынша әкімшілік істерді қарайды және хаттамалар жасайды.
Атап айтқанда, Кодекстің 207-бабында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл көзделген.
Кодекстің 238 және 239-баптарында бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Аталған құқық бұзушылықтар үшін жеке тұлғалар, лауазымды тұлғалар және заңды тұлғалар құқық бұзушылықтың сипаты мен қайталануына байланысты 100-ден 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Кодекстің 250-бабына сәйкес міндетті аудит жүргізуден жалтару:
-шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК;
-орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК;
-ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, Департамент Кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша хаттамалар жасап, оларды ведомстволық бағыныстылығы бойынша сот органдарына жолдайды. Заңды талаптар мен нұсқамаларды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін лауазымды тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Аталған әкімшілік істер Кодекстің 810 және 811-баптарына сәйкес қысқартылған тәртіппен қаралуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Бұл ретте айыппұл сомасының 50 пайызын 7 тәулік ішінде төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
2026 жылдың 4 айында Департаментпен 221 материал тіркелді, оның ішінде:
-186 материал бойынша тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
-35 материал қарау үшін сотқа жолданды.
Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 34,3 млн теңгені құрады, оның ішінде 25,0 млн теңге өндірілді, бұл 73%-ды құрайды.
Өндірілмеген қалдық сома 9,4 млн теңгені құрады, оның ішінде 6,3 млн теңге жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындатуға жолданды, қалған материалдар бойынша орындау мерзімдері аяқталмаған.
Есепті кезеңдегі аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша Департаментпен 3 талап-арыз беріліп, қазіргі уақытта сот қарауында. Департаментке қатысты талап-арыздар түскен жоқ.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мекеме басшыларына қолданыстағы заңнама нормалары түсіндіріліп, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Марат ЕГЕМБЕРДИЕВ, Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы