Жуырда Қордай ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аталмыш мәдениет үйінде орналасқан кітапханада «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қордай ауданының 95 жылдығына арналған «Қордайым құтты мекенім!» тақырыбында мәдени іс-шара өтті.
Шараға Қордай ауданының облысқа, ауданға танымал ақын-жазушылары – А.Ыдырысқызы, М.Амангелдиев, Д.Бахытжанова, Қордай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Сейілханов, Қ.Байсарин, Б.Байшымыров, А.Фунтиков, Т.Османалиев, мәдениет саласының ардагері Г.Байсарина, тарихшы Е.Ботабасова және №5 Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінің оқушылары қатысты. Ауданымыздың тарихын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау, аға буын өкілдері мен жастардың тәрбиелік маңызы зор іс-шараларға етене араласып, екі өкілдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту, жастарға ұлттық тәлім-тәрбие беру мақсатында өткен келелі басқосуда көптеген ілкімді ойлар мен кейінгі ұрпаққа рухани азық болар дүниелер айтылды.
Ауданымыздың Құрметті азаматы Ә.Сейілханов Қордай өңірінің тарихына кеңінен тоқталып өтсе, ақындар өздерінің Қордай өлкесіне арнаған жүрекжарды жырларын оқып берді. Ал мәдениет үйінің көркем өнерпаздары Б.Оспанов, Н.Ережепов, М.Қуандыков қазақтың қара домбырасын нақышына келтіріп әндер орындап, жас ақындар А.Жолдасбаев, А.Булусбаев өздерінің арнау өлеңдерін оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Жарқын кездесудің өтуіне мұрындық болған ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Б.Семетаевтың айтуынша, жастар мен аға буын өкілдерінің салиқалы сұхбаттарын ұйымдастыру бүгінгі күні маңызды болып отыр. Өйткені, жас өрендерге салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар тақырыбында, шежірелі өңіріміздің тарихы төңірегінде айтылатын әңгімелер сиреп барады. Кейбір ата-аналардың балаларына көңіл бөлетін уақыттары да жетпей жатады. Сондықтан, мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор, ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртуда ықпалы үлкен деп санайды мекеме меңгерушісі.